ШЫМКЕНТТЕ СТУДЕНТТЕРГЕ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Кибермәдениет айы» аясында Шымкентте білім беру ұйымдарында кибергигиена мен ақпараттық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кезекті кездесу М.Өтебаев атындағы жоғары технологиялық колледжінде өтіп, студенттер мен қызметкерлерге интернеттегі қауіптерден сақтану жолдары түсіндірілді.

Кездесу барысында қалалық Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев киберқауіпсіздікке қатысты мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, әлемде әр 39 секунд сайын бір кибершабуыл жасалады. Оның 80 пайызы фишинг арқылы жүзеге асады. Яғни алаяқтар жалған сілтемелер мен хабарламалар жіберу арқылы азаматтардың жеке және қаржылық деректерін алуға тырысады. Сондықтан белгісіз сілтемелерге өтпеу, күмәнді хабарламаларға жауап бермеу және сайттардың мекен-жайын мұқият тексеру қажет.

Жиынға қалалық Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы жедел іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бақытжан Бекбаев қатысып, интернет алаяқтығына қатысты ахуалға тоқталды. Оның мәліметінше, жыл басынан бері Шымкентте 363 іс тіркеліп, оның 155-і ашылған. Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қылмыс санының азаюы байқалады.

Мамандар интернет алаяқтары көбіне азаматтарды алдау немесе қорқыту арқылы әрекет ететінін айтты. Алаяқтар өздерін банк қызметкері, полиция өкілі ретінде таныстырып, жеке мәліметтерді немесе ақша аударуды талап етуі мүмкін. Осыған байланысты банк картасының нөмірі, құпия сөз, SMS-код секілді деректерді бөгде адамға бермеу қажеттігі ескертілді.

Іс-шара барысында кибергигиенаның негізгі талаптары да таныстырылды. Атап айтқанда, күрделі құпия сөз орнату, әр аккаунтқа жеке құпия сөз қолдану, екі факторлы аутентификацияны қосу және күмәнді файлдар мен сілтемелерді ашпау ұсынылды. Мамандар интернет кеңістігінде сақтық танытып, жеке ақпараттың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1293019?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді