
Биыл 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері 10 пайызға өсті. Ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге. Ал базалық зейнетақының мөлшері 60 005 теңгені құрады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Зейнетақы тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі есепке алынады. Заңнамада көзделген жағдайда оған оқу, әскери қызмет, бала күтімі және еңбекке жарамсыз азаматтарға күтім жасаған кезеңдер де енгізілуі мүмкін. Мәселен, жұмыс істемейтін әкенің жас балаға нақты күтім жасаған уақыты тиісті талаптарға сай болған жағдайда еңбек өтілі ретінде есептеледі.
Мамандар зейнет жасына жақындаған азаматтарға құжаттарын алдын ала тексеруге кеңес береді. Еңбек өтілін растайтын құжаттарды зейнетке шығуға кемінде алты ай қалғанда жинаған жөн. Бұл мәліметтердегі сәйкессіздіктерді дер кезінде анықтап, зейнетақы тағайындау кезінде туындайтын мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Биыл тоғыз айда департамент 25 367 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның 4 698-і зейнетақы тағайындауға, 5 253-і мемлекеттік базалық зейнетақы төлеміне қатысты.
Баспасөз конференциясында мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау шаралары да түсіндірілді. Медициналық-әлеуметтік сараптама кезінде адамның диагнозымен қатар қозғалу, өзін-өзі күту, бағдарлану, қарым-қатынас жасау және еңбек ету мүмкіндігі бағаланады. Соның нәтижесіне қарай техникалық оңалту құралдары, жеке көмекші, ымдау тілі маманы, гигиеналық құралдар және өзге де әлеуметтік қолдау түрлеріне қажеттілік айқындалады.
Қолжетімді орта қалыптастыру талаптарын сақтау нысан иелерінің жауапкершілігіне жатады. Пандустар, есік ойықтары, тұтқалар, тактильді белгілер мен санитарлық тораптар белгіленген талаптарға сай болуы керек. Нысан жөнделген немесе қайта жаңғыртылған жағдайда сәйкестік декларациясындағы мәліметтер де жаңаруы тиіс.
Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар азаматтардың әлеуметтік құқықтарын уақытылы іске асыруға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және әр адамның қажеттілігіне сай қолдау көрсетуге бағытталған.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1293008?lang=ru

Жауап қалдыру