
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы
Ақжайық ауданында ұлттық қолөнерді дәріптеу, дәстүрлі өнерді насихаттау және шеберлердің шығармашылығын қолдау мақсатында «Quraq Fest» «құрақ» көрпе тігу фестивалі өтті.
Фестиваль барысында ауданның ауылдық округтерінен келген қолөнер шеберлері мен өнерге қызығушылық танытқан тұрғындар бас қосып, қазақ халқының дәстүрлі қолөнерінің бірі – «құрақ» құрау өнерін заманауи үлгіде жаңғыртты.
Шараның басты ерекшелігі – фестиваль аясында 166 «құрақ» көрпе тігіліп, оған 1 498 келі қой жүні жұмсалды.
Бұл көрсеткіш – аудан тұрғындарының ұлттық өнерге деген қызығушылығы мен белсенділігінің, сондай-ақ қолөнер дәстүрінің ел арасында кеңінен дәріптеліп келе жатқанын көрсетті.
«құрақ» құрау – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнер. Қазақ дәстүрінде «құрақ» көрпе тек тұрмыстық бұйым ғана емес, шеберліктің, ұқыптылықтың, береке мен бірліктің символы ретінде бағаланған. Әрбір «құрақ» тың өз орны мен үйлесімі бар. Сондықтан бұл өнерде эстетикалық талғаммен қатар, ұлттық дүниетаным да көрініс табады.
«Quraq Fest» фестивалі арқылы ауыл тұрғындарының шығармашылық әлеуетін арттыруға, ұлттық қолөнерді кеңінен насихаттауға, жас ұрпақты атадан қалған дәстүрді қадірлеуге тәрбиелеуге және шеберлер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Фестиваль аясында «құрақ» көрпе тігу шеберлерінің жұмыстарын таныстыру, қолөнер бұйымдарының көрмесі, жергілікті тігіншілер тіккен ұлттық киімдер сән үлгісі көрсетілді және ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған өзге де мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
166 «құрақ» көрпе – 166 өнер туындысы. Әрбір көрпеде шебердің еңбегі, талғамы мен ұлттық мәдениетке деген құрметі көрініс табады.
«Quraq Fest» – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, дәстүрлі өнерді дәріптеу арқылы қоғамдағы шығармашылық пен бірлікті нығайтуға бағытталған мәдени бастама.
Аталған шараны дәріптеу мақсатында эстафета ретінде Теректі ауданына жолданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-akzhaik/press/news/details/1293474?lang=kk

Жауап қалдыру