ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ ҚАУІПСІЗ АЛУ: АЗАМАТТАР НЕНІ БІЛУІ КЕРЕК?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Оның мақсаты жұмыс істейтін азаматтарға заңда көрсетілген әлеуметтік жағдайлар туындаған кезде қаржылай қолдау көрсету. Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төлейді. Ал әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда, жүйеге қатысушы азамат заңда белгіленген талаптарға сай болса, әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Әлеуметтік төлемдер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес тағайындалады. Оны алу үшін делдал іздеп, біреуге ақша төлеудің қажеті жоқ.
2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында әлеуметтік төлемді 1 млн 64 мың адам алған. Оларға жалпы 527 млрд теңгеге жуық қаражат төленді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің алты түрі бойынша төлем қарастырады. Олар – еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмыстан айырылу, жүктілік пен босануға байланысты табыстан айырылу, жаңа туған баланы немесе балаларды асырап алуға байланысты табыстан айырылу, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылу. Әр төлемнің өз талаптары бар.

Әлеуметтік желілерде азаматтарға әлеуметтік төлемді рәсімдеп беру, оны ұзарту немесе жұмысынан айырылғаны үшін төлем алып беру туралы ұсыныстар кездесуі мүмкін. Мұндай ақпаратқа бірден сенбей, алдымен оның дұрыстығын тексерген жөн. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдерге қатысты ақпаратты ресми мемлекеттік ресурстардан алуға кеңес береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-lab/press/news/details/1293510?lang=ru