
Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері пойыздардың шұғыл тежеуіне қатысты 1005 фактіні тіркеді. Оның 746 жағдайы, яғни жартысынан астамы, ауыл шаруашылығы жануарларының теміржол жолдарына шығуымен байланысты. Бұл туралы Көліктегі ПД бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, кезекті оқиға 13 қыркүйекте Ақмола облысындағы Макинка – Елтай аралығында орын алған. «Петропавл – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржол жолында ұсақ малдың жүргенін байқап, шұғыл тежеуге мәжбүр болған. Қабылданған шараларға қарамастан, пойыз 13 бас малды қағып кеткен. Соның салдарынан пойыз қозғалысы 9 минутқа тоқтатылды.
«Көлік полицейлері жануарлардың иесін Ақмола облысының 63 жастағы тұрғынын анықтады. Теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді полиция полковнигі.
Көліктегі полиция департаменті ескертеді: теміржол жолдарына жақын жерде малды бақылаусыз жаю пойыздардың қозғалысы мен жолаушылардың қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді.
Мал иелері белгіленген талаптарды сақтап, теміржолдың бөлінген жолағында жануарлардың жүруіне жол бермеуі және оларды қараусыз қалдырмауы қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1293761?lang=ru

Жауап қалдыру