
Балалар үшін бұл күн әдеттегідей басталған. Бір топ бала өзара ойнап, балалық қызыққа беріліп жүрген. Алайда ойынның қызығы бір сәтте үрейге ұласты.
Балалар ойнап жүрген аумақта ағаш тақтайлармен жабылған кәріз құдығы болатын.
Ойын кезінде алты жасар бала абайсызда құдыққа құлап кеткен.
Сол сәтте балалардың арасынан «Көмектесіңдер!» деген дауыс естілді.
Бұл дауысты жақын жерде ойнап жүрген сегіз жасар Қайнар да естіді. Ол не болғанын түсінген бойда ойынын тастап, бірден көмекке қарай жүгірді.
Қайнар үшін бұл – ұзақ ойланатын сәт емес еді. Қасында көмекке мұқтаж бала тұрғанда, қарап қалу оған жат көрінді. Жасы небәрі сегізде болса да, сол сәтте ол батылдығы мен жауапкершілігін көрсетті.
№5 Хромтау гимназиясының 2 «Ә» сынып оқушысы Жаулыбай Қайнар Ерболұлының бұл әрекеті полиция қызметкерлерінің назарынан тыс қалмады. Полиция қызметкерлері жас баланың батылдығын ерекше атап өтіп, Қайнардың мектебіне арнайы барып, оған құрмет көрсетті. Бұл – баланың ерлігіне берілген баға ғана емес, қоғамдағы жақсы істердің назардан тыс қалмайтынын көрсететін маңызды қадам.
Полиция үшін қауіпсіздік – тек құқық бұзушылықтың алдын алу немесе заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету емес. Қоғамдағы жауапкершілікті, өзара көмек пен адамгершілікті қалыптастыратын әрбір жақсы бастаманы қолдау да маңызды.
Қайнардың батылдығы – соның бір жарқын мысалы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1293785?lang=ru

Жауап қалдыру