«ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН!»: САРАН ҚАЛАСЫНДА ЖОБА ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Саран қаласында «Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық жобасы аясында ұстаздар мен оқушылардың қатысуымен танымдық кездесу өтті.

Бүгінде Саран қаласынан жүзге жуық оқушы жоба аясындағы байқауға тіркеліп, дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Кездесудің негізгі мақсаты – жас ұрпақты қазақ халқының батырлық жырларымен таныстыру, олардың ұлттық тарих пен әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ қатысушыларға байқауға дайындық бойынша әдістемелік бағыт-бағдар беру.

Іс-шара барысында жырды мәнерлеп жатқа оқу, дауыс ырғағы мен тынысты дұрыс пайдалану, шығармадағы кейіпкерлер бейнесін көркем жеткізу тәсілдері түсіндірілді. Сонымен қатар эпоста кездесетін көне сөздер мен тарихи атаулардың мағынасын ашу, жыр оқиғаларын тарихи жер-су атауларымен байланыстыра талдау жолдары ұсынылды.

Жоба аясындағы байқау оқушылардың жаттау қабілетін жетілдірумен қатар, олардың сөздік қорын молайтуға, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық мұраны терең түсініп, оны көркем жеткізе білу шеберлігін дамытуға бағытталған.

Кездесу барысында ұстаздар оқушыларды байқауға дайындаудың тиімді әдістері бойынша тәжірибе алмасты, қатысушыларға мазмұнды әрі пайдалы ұсынымдар берілді.

Ұлттық тарихымыз бен рухани мұрамызды ұлықтайтын жобаға қатысушыларға сәттілік тілейміз! Батырлар жырын жатқа айтып қана қоймай, оның тағылымдық мәнін терең түсініп, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет.

#ТұлпарМініпТуАлған

#til_qaragandy

#qazaqepos2026

#ТілМәртебесі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-til-damytu/press/news/details/1294021?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді