
Абай облысының аумағында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Профилактикалық жұмыстар барысында полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігіне қатысты бірқатар бағытта рейдтік және түсіндіру іс-шараларын жүргізуде. Барлығы 232 рейдтік іс-шара өткізілді. Оның барысында қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуына бақылау жасалып, анықталған құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша тиісті шаралар қабылданды. Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде барлығы 1 134 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Сонымен қатар ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мінез-құлқына бақылау жасау жөніндегі міндеттеріне ерекше назар аударылды. Осы бағытта 164 жағдайда ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны анықталды. Балалардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында профилактикалық есепке алу және анықтау жұмыстары да жүргізілуде. Нәтижесінде 67 кәмелетке толмаған бала қараусыздық пен панасыздық фактілері бойынша Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Балалардың түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз ету де іс-шараның маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Рейдтік жұмыстар барысында 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүрген 902 кәмелетке толмаған анықталды. Сонымен қатар жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуына жол бермеу мақсатында бақылау күшейтілді. Нәтижесінде түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілдерінің сүйемелдеуінсіз жүрген 12 кәмелетке толмаған анықталды. Балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек жол қозғалысына қатысушылардың тәртібіне ғана емес, оқу орындары маңындағы жол инфрақұрылымының жай-күйіне де тікелей байланысты. Осыған орай білім беру ұйымдарына іргелес аумақтардағы жол инфрақұрылымына тексеру жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша 110 нұсқама енгізілді. Полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға, олардың қайда және кіммен жүргенін бақылауға, түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеге және ойын-сауық орындарына жібермеуге шақырады. Баланың қауіпсіздігі – тек полицияның немесе білім беру ұйымдарының ғана емес, ең алдымен ата-аналар мен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әрбір жол қозғалысына қатысушы жол ережесін сақтап, жүргізушілер көлік құралын басқару кезінде балалардың жолға кенеттен шығу мүмкіндігіне ерекше назар аударуы қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1294330?lang=kk

Жауап қалдыру