Облыс орталығында Алтай ауданының мәдени күндері өтіп жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстанның әр қала, ауданының жетістіктерін паш етіп, өнерлі жандарын танытуды мақсат еткен «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасы биыл да жалғасын тауып отыр. Соның аясында 17-19 қыркүйек аралығында Өскемен қаласында Алтай ауданының мәдени күндері өтуде.

17 қыркүйекте сағат 10:00-де – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттерімен кездесу ұйымдастырылды. Ал бүгін сағат 10:00-ден бастап шаралар легі Арбатта жалғасты. Онда Алтай ауданын жаңа қырынан танып, балалар мен суретшілердің шығармалары арқылы оның өзіндік болмысын сезінуге мүмкіндік жасалды. Халық ауданның табиғаты, туризмі, экологиялық бастамалары, мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы ақпарат алып, заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің Алтайға ұсынып отырған жаңа мүмкіндіктерімен танысты.

Кешке қарай Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Алтай: цифрлық болашақ аумағы» көрмесі өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Көрмеде ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі таныстырылып, жетістіктері мен жаңа жобалары ұсынылды.

Одан соң Алтай ауданының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен гала-концерт өтті. Соның барысында көрермен назарына 16 шығармашылық нөмір ұсынылды. Әр қойылым арқылы ауданның өзіндік мәдени болмысы, өнерпаздардың шеберлігі мен туған жерге деген ықыласы көрініс тапты.

«Биыл жоба тақырыбын цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға арнадық. Концерт алдында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің бүгінде түрлі салаларға қалай енгізіліп жатқанын көрсететін көрме ұйымдастырдық. Ал шығармашылық бағдарлама осы тақырыптың табиғи жалғасына айналды», – деді аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

Концерттің арнайы қонағы – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының солисі, Алтай қаласындағы мектептің түлегі Меруерт Кәкімхан болды. Туған жерге арнайы келген өнерпаз жерлестерімен қайта қауышып, өз шығармашылығын ұсынды.

Осымен Алтай ауданының мәдени күндері аяқталған жоқ.

19 қыркүйекте сағат 08:00-де «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті өнімдерді аудан өндірушілерінің өзінен тікелей сатып ала алады.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1294780?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді