
Аймақ басшысы Берік Уәли Ойшілік ауылдық округіне қарасты Тана мырза ауылының тұрғындарымен кездесті.
Елді мекен аудан орталығы Ақсуат ауылынан 12 шақырым жерде, Қарғыба өзенінің жағасында орналасқан. Бүгінде ауылда 85 отбасы тұрады. Елді мекенде орта мектеп, дәрігерлік пункт, кітапхана жұмыс істейді. Ауылға су құбыры желісі тартылған.
Былтыр аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, балалар ойын алаңы салынды. 2012 жылы пайдалануға берілген Тана мырза орта мектебінде 84 оқушы білім алады, 33 мұғалім еңбек етеді.
Кездесу барысында тұрғындар ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыруға қатысты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, балалар ойын алаңының сапасына байланысты шағымдарын айтып, воркаут алаңын салу жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін тыңдап, ұсыныс-пікірлердің назардан тыс қалмайтынын айтты.
«Ойшілік ауылдық округіне қарасты Тана мырза ауылына арнайы келіп отырмын. Елді мекенде атқарылған жұмыс аз емес. Қазір ауылға қатынайтын жол жақсы. Бұл ауыл ауданды шөппен қамтамасыз етіп отыр. Қажетті инфрақұрылым әр ауылға кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді», – деді Берік Уәли.
Кездесуде ауыл тұрғындары елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар үшін алғыстарын білдірді.
«Ауылымызға арнайы келіп, жағдайымызды өз көзіңізбен көріп, бізді толғандырған мәселелерді тыңдап отырғаныңызға рақмет. Ауылда соңғы жылдары жақсы өзгерістер бар. Су құбыры тартылды, балаларға ойын алаңы салынды, мектепке жаңа кабинеттер алынды. Енді бүгін көтерген жол, жарық және спорт алаңдарына қатысты мәселелер де кезең-кезеңімен шешімін табады деп сенеміз», – деді ауыл тұрғындары.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1294912?lang=ru

Жауап қалдыру