Балқаш құтқарушылары жаңа техника алды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Балқаш қаласының құтқару бөлімшесі техникалық базасын жаңартуды жалғастыруда. Құтқарушылардың қарамағына жаңа арнайы техника мен заманауи жабдықтар берілді. Олар төтенше жағдайларды жою кезінде жұмыстың жеделдігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Әсіресе жол талғамайтын техникаға ерекше мән беріліп отыр. Мұндай көліктер әдеттегі автокөлік жете бермейтін шалғай әрі қолжетімсіз жерлерде авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін қажет.

Балқаш қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Олег Грабовскийдің айтуынша, Қарағанды облысының қолжетімсіз аумақтарында жедел әрекет ету үшін жоғары өтімділігі бар 10 жаңа техника бөлінді. Олар өңірдегі құтқару бөлімшелеріне үлестіріледі. Оның ішінде екі Toyota Hilux автокөлігі Балқашқа берілді. Осылайша облыстың құтқару бөлімшелері автопаркіндегі мұндай жол талғамайтын көліктердің саны 14-тен 24-ке дейін артты.

Жаңа техника құтқарушылардың оқиға орнына жылдам жетіп, күрделі жер бедері жағдайында қажетті жұмыстарды тиімді жүргізуіне мүмкіндік береді. Техникалық жарақтандыруды жаңарту іздестіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде құтқарушылардың мүмкіндігін кеңейтеді.

Материалдық-техникалық базаны жаңарту аясында Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің жеке жарақтандырылуына да ерекше көңіл бөлінді. Бұған дейінгі арнайы киімдерінің белгіленген кию мерзімі аяқталған 41 құтқарушыға заманауи жеңілдетілген жауынгерлік киімнің жаңа жиынтықтары берілді. Жиынтыққа жауынгерлік костюм, қорғаныш қолғаптары, арнайы аяқ киім және өрт сөндірушінің дулығасы кіреді.

Жаңартылған экипировка салмағының жеңілдігімен және жоғары жайлылығымен ерекшеленеді. Бұл, әсіресе, құтқару және өрт сөндіру жұмыстарын орындау кезінде аса маңызды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1296412?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді