
Отбасы мен отбасылық құндылықтарды нығайту аясында ерлі-зайыпты Темірбай Демегенұлы мен Римма Фидаевна Нұрғазиндермен кездесу өтті. Олардың бірге шаңырақ көтеріп, өмірдің қуанышы мен қиындығын қатар бөлісіп келе жатқандарына 46 жыл. Екі бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде үш немеренің қызығын көріп отырған бұл отбасының артында үлкен өмір жолы жатыр.
Темірбай Демегенұлы Меңдіқара ауданының Боровское ауылында төрт ұл тәрбиеленген отбасында өскен. Әкесі өмір бойы автобазада жүргізуші болып еңбек етіп, ел арасында үлкен құрметке ие болған. Техникаға деген сүйіспеншілік барлық ұлдарына дарыған: ағалары жүргізуші мамандығын таңдаса, Темірбай Демегенұлы да бүгінге дейін көлікке ерекше ықыласпен қарайды. Анасы үй шаруасын жүргізіп, бала тәрбиесімен айналысқан. Еңбекқорлық, жауапкершілік пен жақындарына қамқорлық көрсету бала кезден-ақ олардың отбасының басты құндылықтарына айналған.
Римма Фидаевнаның ата-анасы Қазақстанға Башқұртстаннан тың игеруге келген. Әкесі механизатор, анасы сауыншы болып еңбек еткен. Отбасында бес бала өсіп-жетілді. Бүгінде туған-туыстары әртүрлі елдерде тұрса да, олардың арасындағы туыстық байланыс бұрынғыдай берік сақталған.
Ерлі-зайыптылардың артында үлкен отбасы ғана емес, ұзақ жылдарға созылған еңбек жолы да бар. Дегенмен кездесуде кәсіби жетістіктерден гөрі, өмірдегі ең басты құндылық — отбасының қалай құрылғаны туралы әңгіме өрбіді.
Қалай танысты? Алғаш кездескенде бір-бірі туралы қандай әсерде болды? Отбасында кім басшы? Қиындықтарды қалай бірге еңсерді? Балалары мен немерелеріне қандай дәстүрлерді жеткізуге тырысады? Әңгіме өте шынайы әрі әсерлі өтті. Жас қатысушылар да өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ал Римма Фидаевна баршаға көңілді күлкі тренингін өткізіп, кездесуге ерекше жылулық сыйлады.
Ең басты жауап сөзбен айтылмаса да, анық сезілді: 46 жыл бірге болу — қатар өткізген мыңдаған қарапайым күндер, бір-біріне қолдау көрсету, түсінісе білу, отбасын аялап, қандай жағдайда да әзіл мен жақсы көңіл күйді жоғалтпау.
«Бірге және мәңгілікке» кездесуі отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді нығайтуға бағытталған жоба аясында өтті. Жобаны «Қостанай облысы психологтарының қауымдастығы» қоғамдық қоры «Қостанай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша жүзеге асыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-audany-akimat/press/news/details/1297247?lang=ru

Жауап қалдыру