ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ГИНЕКОЛОГИЯ ЖӘНЕ АКУШЕРЛІК САЛАСЫНДА МАСТЕР-КЛАСС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен 21–23 қыркүйек аралығында облыстық перинаталдық орталық пен облыстық онкологиялық орталықтың базасында гинекология және акушерлік саласы мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған мастер-класс өткізілді. Шараға «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ерлан Кукубасов арнайы шақырылып, «Гинекологиялық және акушерлік практикада ауқымды операциялар жүргізу» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Мастер-класстың ашылу рәсіміне Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова қатысып, медицина мамандарына сәттілік тілеп, біліктілікті арттыру іс-шарасына сәттілікпен бастау берді. Үш күнге созылған практикалық оқыту барысында мамандарға гинекология және акушерлік саласындағы күрделі хирургиялық араласуларды жүргізудің заманауи тәсілдері таныстырылып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік жасалды. Шара аясында лапароскопиялық және гистероскопиялық әдістермен гистерэктомия оталары, гистологиялық зерттеуге материал алу, сондай-ақ ашық хирургиялық әдіспен бірқатар операциялар орындалды. Сонымен қатар, облыстық онкологиялық орталықтың базасында хирургиялық операциялар жүргізіліп, жергілікті мамандар заманауи хирургиялық тәсілдерді тәжірибе жүзінде меңгерді. Операциялардың бір бөлігі телемедицина желісі арқылы тікелей эфирде көрсетіліп, өңірдегі медицина қызметкерлеріне ота барысын қашықтан бақылауға және қолданылған хирургиялық әдістерді тәжірибелі маманмен бірге талқылауға мүмкіндік берді. Мастер-класс барысында лектор Ерлан Кукубасов өңірлерде осындай практикалық оқыту жұмыстарын ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жетекші мамандардың өңірлерге арнайы барып, күрделі операцияларды тікелей тәжірибе жүзінде көрсетуі – жергілікті дәрігерлердің кәсіби шеберлігін арттырудың тиімді тәсілдерінің бірі. Ол Қызылорда облысы өзінің өңірлерге шығып, осындай форматта мастер-класс өткізу тәжірибесінде алғашқы өңірлердің бірі екенін атап өтті. Мұндай тәжірибе алмасу жергілікті мамандарға заманауи хирургиялық әдістерді тәжірибеде меңгеруге, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және озық медициналық тәжірибені өңір деңгейінде енгізуге мүмкіндік береді. Мастер-класстың ана мен бала денсаулығын сақтаудағы маңызы ерекше. Заманауи диагностикалық және хирургиялық әдістерді өңір тәжірибесіне енгізу әйелдерге, оның ішінде жүктілік пен босану кезінде асқыну қаупі жоғары пациенттерге медициналық көмекті дер кезінде және сапалы көрсетуге мүмкіндік береді. Медицина мамандарының практикалық дағдыларын жетілдіру акушерлік және гинекологиялық асқынулардың алдын алуға, хирургиялық көмектің тиімділігін арттыруға, ана денсаулығын және репродуктивтік әлеуетті сақтауға ықпал етеді. Аталған мастер-класс өңір медицинасының тәжірибелік әлеуетін арттыруға, заманауи хирургиялық технологияларды енгізуге, мамандар арасында тәжірибе алмасуды күшейтуге және акушерлік-гинекологиялық медициналық көмектің сапасын одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды бастама болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1298725?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді