
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір халқын халықаралық Туризм күнімен құттықтады.
Құрметті шығысқазақстандықтар және өңір қонақтары! Сіздерді Дүниежүзілік туризм күнімен құттықтаймын!
Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан, Үлкен Алтайдың бір бөлігін алып жатқан Шығыс Қазақстан облысы – табиғаты тамаша, тарихи және археологиялық мұрасы мол, көрікті жерлері көп, өсімдіктері мен жануарлар дүниесі алуан түрлі, ландшафты сан қырлы өңір. Бұл ерекшеліктер туризмнің барлық дерлік түрін дамытуға зор мүмкіндік береді.
Ландшафттарының алуан түрлілігіне байланысты Қазақстан Алтайының аумағы Дүниежүзілік табиғатты қорғау қоры (WWF) айқындаған әлемдегі басым 200 жаһандық экологиялық аймақтың қатарына енуі де кездейсоқ емес.
Шығыс Қазақстанда әр саяхатшы өзіне ұмытылмас демалыс түрін таңдай алады. Мұнда мәдени-танымдық, экологиялық, тау-шаңғысы және сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік мол.
Облыстың әр ауданында көрсететін, тамашалайтын және мақтан ететін орындар бар. Өңірдің танымал туристік нысандарының қатарында Бұқтырма су қоймасы, көптеген ірі көлдер, төрт мемлекеттік табиғи қорық, киелі орындар, музейлер, саябақтар және басқа да көрікті жерлер бар.
Талай туристік нысандарымыз облыс шекарасынан тыс жерлерге де кеңінен танымал. Олар туралы аңыздар айтылады, республикалық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, интернетте бейнематериалдар жарияланады. Бүгінде бұл нысандар қазақстандықтармен қатар, шетелдік туристерді де тартатын орындарға айналды.
Қазір өңірімізге көршілес Ресей мен Қытайдан, Еуропа және Азия елдерінен туристер келуде. Ресей және Қытаймен туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумдар мен келісімдер жасалған.
Шығыс Қазақстанда туризм қарқынды дамып келеді. Біз бұл саланы одан әрі белсенді дамытып, қолдау көрсетіп, қажетті жағдай жасауға күш саламыз. Біздің міндетіміз – туристік индустрияны табысты әрі жоғары кірісті салаға айналдырып, өңірді инвестиция мен қонақтар үшін тартымды мекен ету. Бұл – тұрғындардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыруға да ықпал етеді.
Бүгінгі мереке өңірдің барлық тұрғындары мен қонақтарына, жайлы, абаттандырылған әрі мазмұнды демалысты қамтамасыз етіп жүрген туризм саласының мамандарына ортақ. Олардың қатарында туристік компаниялардың қызметкерлері, туроператорлар, қонақүй бизнесінің, демалыс базаларының, санаторий-курорттық мекемелердің және қорықтардың мамандары бар.
Баршаңызды ортақ мерекемізбен құттықтаймын!
Туризм саласының қызметкерлеріне жаңа бағыттар мен тың жобалар, ал барлық туристерге Шығыс Қазақстанның көрікті жерлерінде жылдың кез келген мезгілінде тамаша демалыс тілеймін!
Құрметпен, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1299350?lang=ru

Жауап қалдыру