
Қазақстанның еңбек нарығы біртіндеп өзгеріп келеді: сұранысқа ие дағдылардың маңызы артып, жұмыс берушілер мен кадр даярлау жүйесінің өзара байланысы күшейіп, цифрлық құралдар лайықты жұмысты тезірек табуға мүмкіндік беруде. Бұл үдерістердің өзегінде мамандық таңдаудан бастап, біліктілік алуға, жұмысқа орналасуға және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге дейінгі адам факторы тұр.
Адам үшін жұмыс – тек табыс көзі ғана емес, кәсіби дағдыларын іске асыруға, дамуға және болашаққа жоспар құруға мүмкіндік беретін маңызды өмірлік мәнге ие. Сондықтан еңбек нарығының жай-күйін кешенді түрде бағалау қажет. Яғни экономикаға қандай мамандар қажет, кадр даярлау жүйесі осы сұранысқа қаншалықты сәйкес келеді, адам жұмысын қалай табады және кейін қандай жағдайда еңбек етеді деген мәселелерге назар аударылады.
2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда 9,4 млн адам жұмыспен қамтылды, жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығындағы жалпы ахуалды көрсетеді. Сонымен қатар жұмыспен қамтудың сапалық сипаттамалары да маңызды. Олардың қатарында жұмыстың тұрақтылығы, еңбекақы деңгейі, еңбек құқықтарының сақталуы және қауіпсіз еңбек жағдайлары бар.
Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – сапалы жұмыс орындарының санын арттыру. Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай олардың санын 3,8 млн-ға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай жұмыс орындарының саны шамамен 2,9 млн болды.
Сапалы жұмыс орындарына жылына кемінде алты ай жұмыспен қамтуды, өңірдегі медианалық жалақыдан төмен емес еңбекақыны, қауіпсіз еңбек жағдайларын және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін жұмыс орындары жатады. Яғни мәселе тек жаңа жұмыс орындарын құруда емес, олардың сапасы мен тұрақтылығын арттыруда да болып отыр.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауынша, 2035 жылға дейін экономикаға шамамен 2,9 млн кадр қажет болады. Мұндай болжам салалар мен өңірлердің мамандарға деген перспективалық қажеттілігін алдын ала айқындауға және оны кадр даярлау жүйесін қалыптастыру кезінде ескеруге мүмкіндік береді.
Бұл ретте жұмысшы мамандықтарына ерекше мән беріледі. Заманауи өндіріс құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын, күрделі технологиялық операцияларды орындайтын және жаңа өндірістік технологияларды меңгеретін мамандарды қажет етеді.
Жұмыс берушілердің қазіргі сұранысы да осыны көрсетеді. 2026 жылғы тамызда Enbek.kz порталында орналастырылған бос жұмыс орындарының 42,3%-ы қызмет көрсету және сауда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларындағы білікті жұмысшы мамандықтарына, сондай-ақ жабдық операторлары мен машинистеріне тиесілі болды.
Еңбек нарығын дамытудың маңызды шарттарының бірі – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру. 1 305 адам қатысқан қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 76,2%-ы жұмысшы мамандарға деген өз көзқарасын жоғары немесе өте жоғары деп бағалаған.
Сонымен бірге сауалнамаға қатысқандардың 47,7%-ы жұмысшылардың қоғамда лайықты құрметке ие екенін атап өткен. Ал 41,2%-ы жұмысшы мамандықтары өкілдерінің тиісті деңгейде мойындалмайтынын айтқан. Елдің дамуы үшін аса маңызды мамандықтар мен салалар туралы сұраққа жауап берген кезде респонденттер құрылысшыларды – 20,3%, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін – 16,7%, өнеркәсіп өндірісі мамандарын – 14,8% және электриктерді – 14,4% жиі атаған.
Білім беру мен кәсіптік даярлықтың жұмыс берушілер талаптарына сай болуы үшін кәсіптік стандарттар қолданылады. Олар маманның нақты жұмысты орындау үшін білуі, меңгеруі және қолдана алуы қажет білім, білік және дағдыларды айқындайды. Осы стандарттар негізінде колледждердегі білім беру бағдарламалары мен ересектерге арналған кәсіптік оқыту курстарының мазмұны жаңартылады.
Қазақстанда шамамен 4,5 мың кәсіпті қамтитын 864 кәсіптік стандарт бекітілген. Еңбек нарығы үнемі өзгеріп отыратындықтан, кәсіптік стандарттардың мазмұны да технологиялар мен өндірістік үдерістердің дамуына қарай тұрақты түрде жаңартылып отырады.
Бұл бағытта кәсіптер туралы ақпаратты талдауға және біліктілікке қойылатын талаптар жобаларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін цифрлық құралдар да қолданылады. Сонымен қатар кәсіптік стандарттардың мазмұнын бағалауға салалық өкілдер мен жұмыс берушілер қатысады. Өйткені нақты жұмыс орнында қандай дағдылардың қажет екенін, ең алдымен, солар айқындайды.
Қазіргі еңбек нарығында жаңа дағдыларды тек еңбек жолын бастамас бұрын ғана емес, жұмыс барысында да меңгеруге мүмкіндік бар. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша, оның ішінде тікелей жұмыс орнында және онлайн форматта жүргізіледі.
2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында Skills Enbek платформасында 99,5 мың адам оқуды аяқтады. Олардың 38,2 мыңы – тіркелген жұмыссыздар.
Бұл ретте оқуды аяқтау фактісінің өзі емес, оның нақты нәтижесі, яғни алған білімін іс жүзінде қолдану және жұмыс орнында орнығу мүмкіндігі маңызды. Мәселен, 2025 жылы жұмыс берушілердің өтінімі бойынша тікелей жұмыс орнында оқыған 2,5 мың адамның 1,8 мыңы жұмысқа орналасты. Ал кәсіпорындардың өтінімі бойынша білім беру ұйымдарында даярлықтан өткен 5,7 мың түлектің 3,4 мыңы жұмыспен қамтылды.
Сұранысқа ие біліктіліктің болуы адамның бірден лайықты жұмыс табатынын әрдайым білдірмейді. Жұмыс таңдау кезінде өңір, еңбекақы деңгейі, жұмыс берушінің талаптары, тәжірибе мен кәсіби дағдылар ескеріледі. Сондықтан жұмыспен қамту қызметі міндеттерінің бірі – азаматтың біліктілігі мен мүмкіндіктерін жұмыс берушілердің нақты сұранысымен сәйкестендіруге көмектесу, ал қажет болған жағдайда қосымша оқытуды ұсыну.
Қазақстанда осы мақсатта азаматтың білімі мен дағдылары туралы мәліметтерді пайдалана отырып, бос жұмыс орындары мен тиісті қолдау шараларын іріктейтін Цифрлық жұмыспен қамту қызметі дамып келеді. Жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында іске қосылды. Цифрлық шешімдер дамыған сайын ұсынылған бос жұмыс орындарының саны ғана емес, олардың азаматтың кәсіби бейініне қаншалықты сәйкес келетіні және тұрақты жұмыспен қамтуға қаншалықты мүмкіндік беретіні де маңызды болады.
Жұмысқа орналасу – үдерістің бір ғана кезеңі. Дәл осындай маңызды мәселелердің бірі – адамның өз құқықтары мен еңбек жағдайларын нақты білуі. Олардың қатарында еңбекақының мөлшері мен төлеу тәртібі, жұмыс және демалыс уақытының режимі, әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек қауіпсіздігі талаптары бар.
Еңбек қатынастарының негізі – жұмыскер мен жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттерін бекітетін еңбек шарты. Қосымша талаптар, оның ішінде еңбекақы төлеу, оқыту және еңбек қауіпсіздігі мәселелері ұжымдық шартта да көзделуі мүмкін. 1 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 19 683 ұжымдық шарт цифрландырылды.
Еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізіледі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік еңбек инспекторлары 3,6 мыңнан астам тексеру жүргізіп, нәтижесінде 36 мыңға жуық жұмыскердің құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылданды.
Бұл ретте қазіргі тәсіл тек анықталған бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмей, олардың алдын алуды да көздейді. Ықтимал еңбек тәуекелдерін ерте анықтау үшін Еңбек тәуекелдерінің картасы қолданылады. Бұл құрал, атап айтқанда, кадрлардың тұрақтамауы және міндетті зейнетақы мен әлеуметтік аударымдардың уақтылы жүргізілуі сияқты көрсеткіштерді талдауға мүмкіндік береді.
Алынған деректер мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан қосымша назар аударуды қажет ететін кәсіпорындарды айқындау үшін пайдаланылады. Өз кезегінде жұмыс берушілер анықталған тәуекелдер туралы ақпарат алып, оларды дер кезінде жоюға қажетті шараларды қабылдай алады.
Еңбек қауіпсіздігі де маңызды бағыттардың бірі. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан 969 жұмыскер зардап шекті. Бұл көрсеткіш өндірістік жарақаттанудың алдын алу және әрбір жұмыс орнында қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету мәселелеріне тұрақты назар аударуды қажет етеді.
Кәсіптік тәуекелдерді бағалау, жұмыскерлерді қауіпсіздік талаптарына оқыту, еңбек қауіпсіздігі қағидаларын сақтау және міндетті сақтандыру – әртүрлі шаралар. Алайда олардың барлығының түпкі мақсаты ортақ – өндірістік жарақаттардың алдын алу және жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау.
Қазіргі еңбек нарығын тек бос жұмыс орындарының саны немесе жұмыссыздық деңгейі арқылы бағалау жеткіліксіз. Әрбір көрсеткіштің артында нақты адам тұр. Оның білімі, кәсіби дағдылары, жұмыс іздеуі, табысы мен еңбек жағдайы бар.
Сондықтан жұмыспен қамту нарығын дамыту өзара байланысты жүйе ретінде қалыптасады: экономика кадрларға деген қажеттілікті айқындайды, білім беру және даярлау жүйесі қажетті дағдыларды қалыптастырады, жұмыспен қамту қызметі лайықты жұмыс табуға көмектеседі, ал еңбек заңнамасы жұмыскерлерге кепілдік беріп, құқықтарын қорғайды.
Осындай өзара байланыс жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету міндетінен тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын қалыптастыруға көшуге мүмкіндік береді. Бұл – адам өзінің кәсіби әлеуетін іске асырып, тұрақты табыс тауып, қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істей алатын орта қалыптастырудың негізі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1299357?lang=ru

Жауап қалдыру