
Облыс әкімі Берік Уәли бастаған, 50-ден астам адамнан құралған Абай облысының делегациясы Павлодар қаласында өтіп жатқан «Ертіс: достық өзені – даму өзені» екінші халықаралық форумына қатысуда.
Форумға Ресейдің Омбы, Түмен облыстарының басшылары, еліміздің Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар өңірлерінің әкімдері бастаған делегация келді.
Маңызды шара барысында Ертіс өзенінің көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану, өңіраралық сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірдің өндірістік, туристік әлеуетін жан жақты таныстырды.
«Екі елдің Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің арасындағы қарым-қатынастың мызғымас өзара cыйластық пен сенімге құрылғанын үнемі атап өтіп келеді. Ертіс өзені Қазақстан мен Ресейді, оның ішінде Абай және Павлодар облыстарын Батыс Сібір өңірлерімен байланыстыратын маңызды табиғи көлік дәлізі. Бұл өз кезегінде өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, тауар жеткізуді арттыруға, сондай-ақ, көлік-логистикалық, сауда байланыстарын жандандыруға мүмкіндік береді», – деді Берік Уәли.
Ресей Федерациясы – Абай облысының негізгі сыртқы сауда серіктестерінің бірі. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында облыстың Ресеймен тауар айналымы 498,1 миллион АҚШ долларын құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 327,5 миллион АҚШ доллары болған. Экспорт көлемі 105,8 миллион АҚШ долларына, импорт 393 миллион АҚШ долларына жетті.
Абай облысы Ресей Федерациясының бірқатар өңірлерімен ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Былтыр Абай облысы әкімдігі мен Омбы облысы Үкіметі арасында Ертіс өзенін дамыту және бірлесіп пайдалану жөніндегі хаттамаға, 2025–2028 жылдарға арналған халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар жоспарына, сондай-ақ, Карелия Республикасымен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойылды.
Аймақ басшысы ынтымақтастық көкжиегін одан ары кеңейтудің маңызын атап өтіп, ресейлік өндірістік компаниялар мен инвесторларды Абай облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Бүгінде облыста инвестициялық жобаларды іске асыруға барлық жағдай жасалған. 2032 жылға дейін жалпы құны 11,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 144 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Семей қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағы 190 гектарға дейін кеңейтілді. Сонымен қатар Семей қаласында аумағы 600 гектар болатын арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары жүргізілуде.
Форум алдында облыс делегациясы Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанин ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, «Павлодар облысы: жетістіктері, мүмкіндіктері, перспективалары» атты көрмені тамашалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1299383?lang=ru

Жауап қалдыру