
Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан ауыр атлетика құрамасының өкілі Алексей Чуркин сәтті өнер көрсетті.
85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде отандық зілтемірші тартысты бәсекеде күміс медаль жеңіп алды. Алғашқы жаттығуда («жұлқа көтеру») қазақстандық спортшы 173 келі салмақтағы штанганы сәтті көтеріп, жоғары нәтиже көрсетті. Бұл осы жаттығу бойынша жаңа әлемдік рекорд болды. Екінші жаттығуда («серпе көтеру») Алексей Чуркин 205 келіні еңсеріп, қос сайыс қорытындысы бойынша 378 келі нәтиже көрсетті.
Жарыстың жеңімпазы КХДР өкілі Ро Гван Рёль атанды. Ол қос сайыста 379 келі (165+214) нәтиже көрсетіп, қазақстандық спортшыдан небәрі бір келіге озды. Үздік үштікті 374 келі (163+211) нәтижесімен Қытайдың ауыр атлеті Чэнь Шуньнань түйіндеді.
Айта кетейік, Алексей Чуркин – Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі. Оның спорттық жетістіктері қатарында 2022 жылғы әлем чемпионатының қола медалі (73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) және 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесі (81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) бар.
Алексей Чуркинді және барша жанкүйерлерді жоғары наградасымен әрі тарихи әлемдік жетістігімен құттықтаймыз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-sport/press/news/details/1300040?lang=ru

Жауап қалдыру