
Жыл басынан бері Абай облысында жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерімен көлік басқарудың 32 фактісі анықталды. Тағы 18 жағдайда көлік құралдарына осындай нөмірлік белгілерді орнату деректері тіркелді.
Жолдардағы бақылауды күшейту мақсатында Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері «Подложка» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жалған, қолдан жасалған, оқылмайтын, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін немесе белгіленбеген орындарға орнатылған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын анықтау. Сонымен қатар жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзудың жолын кесуге ерекше назар аударылуда.
ЖПІШ басталғалы бері полиция қызметкерлері 113 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін анықтады.
Оның ішінде 4 жағдайда жүргізушілер оқылмайтын, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін немесе белгіленбеген орындарға орнатылған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын басқарған.
Тағы 34 жүргізуші көлік басқару кезінде hands-free жүйесін пайдаланбай, ұялы телефон немесе радиостанция қолданған. 72 жағдайда жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдалану талаптары бұзылған. Үш жүргізушінің қарсы қозғалыс жолағына шыққаны анықталды.
16 көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.
Облыс жолдарындағы тексеру жұмыстары жалғасуда.
Абай облысы Полиция департаменті жүргізушілерге ескертеді: мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін жасыруға әрекет жасау, сондай-ақ жалған немесе қолдан жасалған нөмірді пайдалану жауапкершіліктен босатпайды.
Мемлекеттік нөмір – көзден таса қалудың жолы емес. Заң мен тәртіп – баршаға ортақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1300283?lang=ru

Жауап қалдыру