
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын әрбір өңірде бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қауымдастық алдында «бірыңғай есеп беру күні» іс-шарасы өткізіледі.
Облыс әкімінің орынбасары Қ.Қайыпбектің төрағалығымен бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қауымдастық алдындағы кезекті «бірыңғай есеп беру күні» өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің басшылық құрамы мен өңір кәсіпкерлері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет арасындағы кері байланысты нығайту, бизнесті реттеу мәселелерін ашық талқылап, бірлескен шешімдер қабылдау.
Жиында облыс экономикасының ағымдағы жылдың 8 айындағы оң көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Өңір экономикасына 1 135,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 134,4%-ға артқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,9%-ға ұлғайып, 1 189,7 млрд. теңгені құрады.
Алматы мен Астана қалаларынан кейін Түркістан облысы шағын және орта кәсіпкерліктің шоғырлануы бойынша көш бастап тұр. Бүгінгі таңда өңірде 200 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі қызмет етуде.
Сонымен қатар, Полиция департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнесті қолдау және қорғау жөнінде баяндамалар жасап, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Басқосуда бизнес өкілдері өзекті мәселелерді ортаға салып, қордаланған мәселелерді шешу бойынша облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдарымен бірлескен хаттама түзілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kasipkerlik/press/news/details/1300365?lang=ru

Жауап қалдыру