КӘСІПКЕР ТУҒАН ЖЕРІНЕ ЖАҢА САЯБАҚ САЛЫП БЕРДІ

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда
Отырар ауданында кәсіпкердің демеушілігімен жаңа саябақ пайдалануға берілді. Аққұм ауылындағы жаңа саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл, ауыл ақсақалдары, ардагерлер, жастар және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Құнанбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, ауылдың көркеюіне үлес қосқан демеуші Нұржан Нұрілдаұлына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ Нұржан Нұрілдаұлы мен зайыбы Бақытжамал Шарапханқызына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.
Жиында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ашықбай Дүйсен, ауыл имамы Құттыбек Балқыбек және ауыл тұрғыны Тәңірберген Асанғали ізгі тілектерін білдіріп, ақ батасын берді.
Мұнан соң ауыл биі Құтышбек Есенқараев, ауыл қариялары Ашықбай Дүйсен, Құттыбек Балқыбектер жаңа саябақтың лентасын қиды. Жиынға қатысушылар саябақты аралап, оның абаттандырылуымен танысты.
Саябақта тұрғындардың тынығуына арналған орындар, орындықтар мен жарықтандыру жүйесі мен әсем субұрқақ орнатылған. Жаңа демалыс орны ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай қалыптастырады.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары туған жердің көркеюіне атсалысқан Нұржан Нұрілдаұлына ризашылықтарын білдіріп, ат мінгізіп, құрмет көрсетті.
Айта кетейік, туған жердің абаттануына үлес қосып, ел игілігіне арналған нысандардың бой көтеруіне қолдау көрсету – көпке үлгі боларлық игі іс. Аққұм ауылындағы жаңа саябақ та ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететін көрікті орындардың біріне айналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1300790?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді