
Шанхай қаласында WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Ақтөбе облысының үш өкілі ел намысын қорғауда.
Қатысушылар конкурстық тапсырмаларды орындауға кірісіп, WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес өздерінің кәсіби шеберліктерін жұмыс орындарында көрсетуде.
«Мехатроника» құзыреттілігі бойынша Ақтөбе облысы мен Қазақстанның атынан Хромтау жоғары тау-кен-техникалық колледжінің 3-курс студенті Денис Панин қатысуда. 2025 жылы ол WorldSkills Kazakhstan чемпионатында III орын иеленсе, 2026 жылы WorldSkills Australia Global Skills Challenge жарысының жеңімпазы атанды. Бұл құзыреттілік бойынша чемпионатқа 32 команда қатысуда.
«Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің түлегі Бағижан Қойшыбаев өнер көрсетуде. Оның жетістіктері қатарында Данияда өткен EuroSkills Herning 2025 чемпионатының медальоны және Global Skills Challenge Australia 2026 жарысындағы III орын бар.
«Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша 29 маман бақ сынауда. Қатысушылар жұмыс орындарында техникалық тапсырмаға сәйкес визуалды материалдар әзірлеп, конкурстық тапсырмаларды орындауда. Олар графикалық макеттер жасап, композицияны, қаріптерді, түстер мен кескіндерді таңдайды, материалдарды өңдеу және беттеу жұмыстарын жүргізеді.
CNC станоктарында токарлық және фрезерлік жұмыстарға байланысты құзыреттілік бойынша өңір намысын Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжінің өндірістік оқыту шебері Даниял Сағына́й қорғайды. Ол 2022 жылдан бері WorldSkills қозғалысына қатысып келеді, өңірлік чемпионаттардың жеңімпазы және республикалық жарыстардың жүлдегері атанған. 2026 жылы Даниял ТжКБ ұйымдарының педагогтері арасында өткен республикалық кәсіби шеберлік байқауында I орын иеленді.Бұл құзыреттілік бойынша чемпионатқа 20 команда қатысуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1300879?lang=ru

Жауап қалдыру