Борышкерлерді хабардар ету, нотариус таңдау: Астанада атқарушылық жазбаға қатысты жаңа тәртіп түсіндірілді

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Елімізде 2026 жылғы 8 шілдеде «Нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Заңмен атқарушылық жазбаларды жасау, борышкерлерді хабардар ету, аумақтықты сақтау, өтініштерді нотариустар арасында автоматты түрде бөлу, сондай-ақ нотариаттық қызметті мемлекеттік бақылау тәртібіне елеулі өзгерістер енгізілді. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Әділет департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Бейсен жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спикердің айтуынша, жаңа талаптар 2026 жылғы 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді. Бұл ретте борышкердің нотариусқа уәжді қарсылық жолдау құқығы және нотариустың атқарушылық жазбаның күшін жою жөніндегі өкілеттігі сақталады.

2026 жылғы 8 қыркүйектен бастап мемлекеттік сатып алу шарттарынан, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алулары туралы заңнамаға сәйкес жасалған шарттардан туындайтын талаптар бойынша атқарушылық жазба жасалмайды.

Мұндай талаптар сот тәртібімен қаралуға жатады. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде аумақтық әділет органдары берешектің туындауының құқықтық негізін ескеруі тиіс.

«2027 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтар мен заңды тұлғалардың атқарушылық жазба жасау туралы өтініштері Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе арқылы істерді кездейсоқ автоматтандырылған бөлу тетігі негізінде нотариустар арасында бөлінеді. Бұл тәртіп өтініштерді бөлудің ашықтығын арттыруға және нақты нотариусты таңдау арқылы жасалуы мүмкін теріс пайдаланушылықтардың алдын алуға бағытталған.

2027 жылғы 1 қаңтарға дейін өндіріп алушылар өздері таңдаған нотариусқа дербес жүгіну мүмкіндігін сақтайды.
Көрсетілген күннен бастап жеке тұлғалар өтінішті жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйедегі жеке кабинеті арқылы электрондық түрде бере алады.

Заңды тұлғалар, оның ішінде екінші деңгейдегі банктер, микроқаржылық және микрокредиттік ұйымдар өтінішті ЭЦҚ пайдалана отырып, жеке кабинеті арқылы электрондық түрде береді», – дейді Әділет департаменті басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 8 қыркүйектен бастап заңда белгіленген негіздер бойынша атқарушылық жазба борышкердің тіркелген жері бойынша жасалады.

Бұған дейін заңнамада нотариаттық әрекетті жасау орнын айқындаудың бірнеше нұсқасы көзделген болатын. Жаңа қағидалар мұндай баламаны жоққа шығарады.

Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде аумақтық әділет органдары борышкердің нотариаттық әрекет жасалған күні белгіленген тіркеу орнын ескеруі тиіс.

Заңмен борышкердің орындалмаған міндеттемені жазбаша түрде мойындауына қойылатын талаптар нақтыланды.
Шарттың болуы және міндеттеменің туындағанын растайтын құжаттардың болуы атқарушылық жазба жасау үшін жеткілікті негіз болып табылмайды.

Жазбаша мойындау берешектің бар екенін, оның мөлшерін және борышкердің өндіріп алуға жататын соманы мойындайтынын бір мезгілде растауы тиіс. Мұндай мойындау бір немесе бірнеше құжатта қамтылуы мүмкін.
Заңмен атқарушылық жазбаның көшірмесін Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе арқылы жіберу және оның жеткізілген фактісін тіркеу міндеті енгізілді.

«Атқарушылық жазба жасалғаннан кейін борышкерге «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы және (немесе) 1414 нөмірінен SMS хабарлама жіберіледі. Хабарламаны алғаннан кейін борышкер eGov Mobile арқылы авторизациядан өтіп, Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйедегі жеке кабинетінен атқарушылық жазбамен таныса алады. Бұл тетік борышкерді тиісінше хабардар етуге және ақпараттың жеткізілген фактісін объективті түрде тіркеуге мүмкіндік береді.

Маңызды өзгерістердің бірі атқарушылық жазбаны тікелей нотариустың жоюы тетігінің сақталуы болып саналады. Борышкер атқарушылық жазбаның көшірмесін алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде мәлімделген талапқа қатысты уәжді қарсылықты нотариусқа жолдауға құқылы.

Егер қарсылық белгіленген мерзімде беріліп, талаппен келіспеу себептері көрсетілсе, нотариус қарсылықты алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық жазбаны жою туралы қаулы шығаруға міндетті», – дейді Бақытжан Бейсен.
Атқарушылық жазбаны жою туралы қаулының негізінде атқарушылық іс жүргізу заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатылуға жатады.
Осылайша, 10 жұмыс күні ішінде уәжді қарсылық беру борышкерге атқарушылық жазбаны сотқа жүгінбей жоюға мүмкіндік береді.
Сот тәртібі атқарушылық жазба нотариус тарапынан жойылмаған немесе борышкер қарсылық беру үшін белгіленген мерзімді өткізіп алған жағдайда қолданылады.

«Егер қарсылықта мәлімделген талаппен келіспеу себептері көрсетілмесе немесе ол белгіленген мерзім бұзыла отырып берілсе, нотариус атқарушылық жазбаны жоюдан бас тартады. Егер атқарушылық жазба жойылмай, мәжбүрлеп орындатуға сот орындаушысына жіберілсе, оған дау айту сот тәртібімен жүзеге асырылады.

Осылайша, енгізілген өзгерістер азаматтардың нотариусқа қарсылық білдіру құқығын жоймайды және нотариустың атқарушылық жазбаны жою жөніндегі өкілеттігін сақтайды. Жаңа тетіктердің негізгі міндеті нотариаттық рәсімдердің ашықтығын арттыру, борышкерді тиісінше хабардар ету және құқықтарды қорғаудың соттан тыс және сот тәртібін нақты ажырату болып саналады. Сондай-ақ заңда атқарушылық жазбаны мәжбүрлеп орындатуға цифрлық жүйелер арқылы жіберуді автоматтандыру көзделген.

Жалпы, енгізілген өзгерістер нотариаттық рәсімдердің ашықтығын арттыруға, борышкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, нотариаттық қызметті бақылауды жетілдіруге және процестерді одан әрі цифрландыруға бағытталған», – деп ведомство өкілі сөзін қорытындылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1301435?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді