Саран жасыл желекке бөленіп келеді: кәсіпорындар 300-ден астам ағаш екті

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Саран қаласындағы ірі кәсіпорындардың 300-ден астам қызметкері өндірістегі күнделікті жұмысын бір сәтке ысырып қойып, қаланы көгалдандыруға атсалысты. Олар индустриялық аймақта 300-ден астам жас көшет егіп, кәсіпорындар маңында болашақта жайқалған жасыл желекке айналатын жаңа аумақтың негізін қалады.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өткен экологиялық акцияға QazTehna, Silk Road Electronics, Saran Machinery және TengriTyres кәсіпорындарының қызметкерлері қатысты. Инженерлер, өндіріс мамандары, басшылар мен түрлі сала қызметкерлері бірнеше сағатқа үйреншікті жұмыс ортасын таза ауаға, ал өндірістегі құралдарын күрекке алмастырды.

Саран осылайша осы көктемде Қостанай облысындағы Allur және AGROMASH кәсіпорындары бастаған экологиялық эстафетаны жалғастырды. Енді эстафетаны Қарағанды облысының кәсіпорындары қабылдады. Мұндағы мақсат айқын: өнеркәсіптің дамуы мен туған қалаға деген қамқорлық қатар жүруі керек.

Экологиялық акция Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының міндеттерімен үндеседі. Мемлекет басшысы қоршаған ортаға ұқыпты қарауды күнделікті өмір салтына айналдырып, табиғатты қорғауды мемлекет, бизнес және азаматтардың ортақ жауапкершілігі ретінде қалыптастыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен.

Бұл Саран үшін айрықша маңызды. Қала бүгінде көз алдымызда өзгеріп келеді: бұрынғы өндірістік алаңдардың орнында жаңа кәсіпорындар бой көтеріп, аумақтар абаттандырылып, инфрақұрылым жаңарып жатыр.

Бүгінде мұнда автобустар мен коммерциялық техника, автомобиль шиналары, тұрмыстық электроника және басқа да өнеркәсіп өнімдері шығарылады. Жаңа кәсіпорындармен бірге қалаға жаңа жұмыс орындары мен тұрғындар үшін тың мүмкіндіктер де келіп жатыр.

Саран тұрғыны Виталий Якушев қаладағы өзгерістердің жаңа зауыттармен ғана шектелмейтінін айтады.

— Мен Саранда көп жылдан бері тұрамын. Қаланың көз алдымызда өзгеріп келе жатқанын көріп жүрмін. Жасыл желек көбейді, жаңа балалар алаңдары пайда болды, аулалар мен көшелер ретке келтіріліп, аумақтар абаттандырылып жатыр. Бірақ халық үшін ең маңыздысы – жақсы жұмыс орындарының ашылуы. Зауыттар үйге жақын жерде еңбек етуге, болашаққа жоспар құруға және нәпақа іздеп басқа қалаларға көшпеуге мүмкіндік береді. Саранның осылай дами бергенін қалаймын. Кәсіпорындармен бірге қаланың өзі де көркейе түссе екен, – дейді Виталий Якушев.

Кәсіпорындар үшін экологиялық бастамалар біртіндеп корпоративтік мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналып келеді.

— Кәсіпорнымыздың «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдауы – саналы түрде қабылданған шешім әрі ішкі экологиялық стратегиямыздың заңды жалғасы. Қазіргі заманғы өнеркәсіп қоршаған ортаны қорғау мәселелерінен тыс өмір сүре алмайды. Бұл экологиялық акция Саранның ірі бизнесі өңірдің таза әрі салауатты болашағына өз үлесін қосуға дайын екенін көрсетеді, – деді QazTehna компаниясының өкілі Айнұрым Малаева.

Акцияға қатысушылар экологиялық эстафетаны әрі қарай жалғастыруға ниетті. Кәсіпорындар отырғызылған көшеттерге күтім жасап, олардың жайқалып өсуіне де жауапкершілікпен қарамақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1301497?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді