
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға арнаулы әлеуметтік төлем туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қ.М. Айдархан Жәйрем кентінде «Қазцинк» ЖШС еңбек ұжымымен кездесіп, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында 55 жастан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі түсіндірілді.
Арнаулы әлеуметтік төлем 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді.
Төлемді тағайындаудың негізгі шарттары:
– азаматтың 55 жасқа толуы;
– кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының төленуі;
– зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысты тоқтату немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысу.
Арнаулы әлеуметтік төлем төрт көзден қалыптасады:
– республикалық бюджет қаражаты есебінен;
– өмірді сақтандыру компанияларынан;
– жұмыс берушінің қаражаты есебінен;
– БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған төлемдерден.
Сонымен қатар, 55 жасқа толған, бірақ қазіргі уақытта зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істемейтін, алайда соңғы 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған азаматтардың да белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік төлем алуға құқығы бар.
Мұндай азаматтар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалына жүгіне алады.
Маңызды:арнаулы әлеуметтік төлем алушының зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысқа қайта орналасуына жол берілмейді.
Кездесу барысында еңбек ұжымының сұрақтарына жауап беріліп, арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау талаптары мен алу тәртібі бойынша толық түсіндірме берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-ulytau/press/news/details/1301863?lang=ru

Жауап қалдыру