
Теміртауда биыл бірқатар ауқымды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, қала көшелері жаңартылып, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Қаладағы ең ірі жобалардың бірі — ұзындығы 3 шақырымға жуық орталық магистраль саналатын Металлургтер даңғылын күрделі жөндеу.

Жоба аясында жол жабыны, су бұру жүйесі мен инженерлік коммуникациялар жаңартылып, көшелерді жарықтандыру жүйесі және жол қозғалысын ұйымдастыру құралдары жаңғыртылуда.

Даңғылдың бульвар бөлігі де жаңа кейіпке еніп келеді. Мұнда жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жолдар төселіп, жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылды, балалар және спорт алаңдары жасалды. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаяу жүргіншілер өткелдеріне түсетін баспалдақтар орнатылып, орындықтар мен жаңа аялдама павильондары қойылды.
Абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қазір бульвар аумағына шағын сәулет нысандары орнатылып, құнарлы топырақ жеткізілуде.

Қаланың өзге көшелерінде де жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сарыарқа, Абай, Мир, Крупская, Восточная, Тәшенов және басқа да көшелердің жекелеген учаскелеріндегі орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жөнделген жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 20 шақырымнан асады.

Қазіргі таңда Брусиловский және Лисовенко көшелерінде жұмыстар жалғасуда. Жалпы биыл қалада шамамен 28 шақырым жол орташа жөндеумен қамтылады.

Жол инфрақұрылымын жаңарту жобаларының нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 71,4%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Қаладағы қоғамдық кеңістіктер де жаңғыртылуда. Теміртау орталығында аумағы 5,2 гектар болатын сквер абаттандырылып жатыр. Мұнда субұрқақ пен жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылады. Сонымен қатар тұрғындардың демалуына арналған қосымша орындар жасалады.
Негізгі дайындық жұмыстары аяқталды. Ескі құрылымдар алынып, электр кабелі тартылды, іргетастар мен 105 жарықтандыру тірегі орнатылды. Болашақ гүлзарларға арналған орындар да дайындалды.
Қазір скверде брусчатка төселіп, тіреу қабырғасын тұрғызу жұмыстары жалғасуда. Келесі кезеңде аумақ көгалдандырылып, беседкалар мен абаттандырудың өзге де элементтері орнатылады.
Теміртау қаласы әкімдігінің мәліметінше

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1302532?lang=ru

Жауап қалдыру