БОТАЙ КЕМБРИДЖДІ БАҒЫНДЫРУДА: ҰЛЫ ДАЛА МҰРАСЫ ӘЛЕМДІК АРЕНАДА

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

2026 жылғы 30 қыркүйекте Кембридж қаласында «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесінің ресми ашылу рәсімі өтті. Көрме Солтүстік Қазақстан облысы басшылығының және Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тарапынан Макдональд археологиялық зерттеулер институтының «Еуразия: ежелгі өзара байланыстарды зерттеудегі жаңа бағыттар» атты халықаралық конференциясы аясында ұйымдастырылды.Көрменің ашылу салтанатына халықаралық ғылыми және академиялық қауымдастықтың 100-ге жуық өкілі қатысты. Олардың қатарында Кембридж қаласының мэрі Мария Клеминсон, Кембридж университетінің профессоры Кэмерон Петри және Эксетер университетінің профессоры Алан Оутрам болды.Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлібек Бақаев құттықтау сөз сөйлеп, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетовтің құттықтау хатын оқып берді. Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің қорынан ұсынылған экспозиция құрамына археологиялық артефактілер, этнографиялық бұйымдар, сондай-ақ Ботай мәдениетіне арналған халықаралық суретшілер симпозиумдарына қатысушылардың 22 көркем туындысы енді.                       

Көрме халықаралық аудиторияны Солтүстік Қазақстанның бірегей мұрасымен және Еуразияның ежелгі тарихын зерттеудегі Ботай мәдениетінің маңызымен таныстырады.Жобаның негізгі мақсаты – Ботай мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілету, ғылыми және мәдени ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Ұлы дала мұрасын зерттеу және сақтау мәселелері бойынша халықаралық диалог аясын кеңейту. Конференция аясында Ботай мұрасын одан әрі халықаралық деңгейде ілгерілету перспективалары, сондай-ақ Ботай мәдениетіне қатысты нысандарды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында оны таныстыру мәселелері талқыланды.                  

 Ресми бөлімнен кейін конференция қатысушылары үшін экспозиция бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Көрме Кембридж қаласында үш күн бойы жұмыс істейді. Кембриджде көрменің өткізілуі Солтүстік Қазақстан облысының мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныстырудағы және қазақстандық әрі шетелдік зерттеушілер арасындағы кәсіби ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең болды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-madeniet/press/news/details/1302645?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді