Көкшетауда қайта жаңғыртудан кейін теміржол вокзалы ашылды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Көкшетау қаласында ауқымды қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, мердігер ұйымның өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов жолаушылар теміржол инфрақұрылымын жаңартудың және жолаушылар үшін заманауи жағдайлар жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Вокзал ғимараты 1981 жылы пайдалануға беріліп, ұзақ уақыт бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінде ауқымды жаңғырту жұмыстарының арқасында вокзал өзінің тарихи маңызын сақтай отырып, жаңа келбетке ие болды. Жаңғыртудың басты нәтижесі – барлық жолаушыларға, оның ішінде қарт адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау», – деп атап өтті Жәнібек Тайжанов.

Жоба аясында жертөле және техникалық қабаттары бар вокзалдың үш қабатты ғимараты қайта жаңғыртылды. Оның аумағы 9 007 шаршы метрден 9 345 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Ғимараттың қасбеті, ішкі бөлмелері және инженерлік жүйелер жаңғыртылып, іргелес аумақ абаттандырылды.

Вокзалдағы жайлылық пен қолжетімділік деңгейін арттыру мақсатында эскалатор мен тік көтергіш орнатылып, жиһаздар мен қажетті жабдықтар жаңартылды. Қасбет заманауи фиброцементті панельдермен қапталса, ал ішкі бөлмелерде ұзақ мерзімді, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай және оңай жуылатын материалдар қолданылды.

Қауіпсіздік пен қолжетімділік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Төрт лифтімен жабдықталған заманауи конкорстық өткел салынды, жаңа эвакуациялық жолдар ұйымдастырылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес есіктер орнатылды.

«Ақмола облысында бағдарлама аясында 16 теміржол вокзалы жаңғыртылды. Осы ауқымды жұмысты жүзеге асыруға үлес қосқан барлық қызметкерлерге ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, шеберліктеріңіз және үйлесімді жұмыстарыңыздың арқасында жаңартылған вокзалдарды ашып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік туып отыр», — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Көкшетау вокзалы I санатқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 1 800 адамды құрайды. Станция арқылы Көкшетауды Петропавл, Бурабай курорттық аймағы, Қостанай, Алматы, Астана, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Ақтөбе, Атырау, Шу, Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларымен, сондай-ақ Қырғызстан мен Ресей қалаларымен байланыстыратын 32 жолаушылар пойызы өтеді.

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1302950?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді