Қаратал ауданының прокуратурасымен табиғи монополия субъектілерімен қызметтерін көрсету кезінде азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарының сақталуына қатысты бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.
Талдау барысында табиғи монополия субъектісі болып табылатын «Қаратал Таза Су» МКК мен тұтынушылар арасында жасалған шарттардың қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес келмейтіні анықталды.
Атап айтқанда, шарттарда күші жойылған нормативтік құқықтық актілерге сілтемелердің қолданылғаны, сондай-ақ сумен жабдықтау және (немесе) су бұру қызметтерін көрсетуге арналған үлгілік шарттың талаптары толық сақталмағаны анықталды.
Сонымен қатар, табиғи монополиялар саласындағы заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген талдау барысында «Қаратал таза су» МКК, «Жылыту орталығы» ЖШС және «Талдықорған акционерлік электржүйелерінің тасымалдау компаниясы» АҚ тарапынан да заң бұзушылықтар анықталды (ТАЭТК).
Атап айтқанда, «Қаратал таза су» МКК мен «Жылыту орталығы» ЖШС тарапынан заңда көзделген ақпаратты интернет-ресурстарда орналастыру жөніндегі міндеттер тиісінше орындалмаған, ал «ТАЭТК» АҚ тарапынан тұтынушыға электр желілеріне қосылуға арналған техникалық шарт беру кезінде заңнамада көзделмеген қосымша талаптар қойылған.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, табиғи монополия субъектілеріне қатысты жалпы 4 671 000 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Прокуратураның қадағалау актісімен 273 кәсіпкердің, оның ішінде 1 инвестордың, сондай-ақ 6 046 тұтынушының құқықтары қорғалып, шарттар сәйкестендірілді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес табиғи монополия субъектілері тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, заңда белгіленген талаптарды сақтауға және өз қызметі туралы міндетті ақпаратты ашық орналастыруға тиіс.
Осыған байланысты аудан прокуратурасы заң бұзушылықтарды жою, қолданыстағы шарттарды заңнама талаптарына сәйкестендіру, тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және алдағы уақытта осындай фактілерге жол бермеу жөнінде тиісті шаралар қабылдады.
Прокуратура азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау, сондай-ақ табиғи монополия субъектілерінің қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zhetysu/press/news/details/1303166?lang=ru

Жауап қалдыру