12 ЖЫЛДАН КЕЙІН: ТӨРЕХАН САБЫРХАН АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ АЛТЫНЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Төрехан Сабырхан Айчи–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.

Қазақстандық боксшы 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Финалдық жекпе-жекте Төрехан Сабырхан Иордания өкілі З. Ишашпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.

Бұл — Қазақстанның бокстан Азия ойындарында соңғы 12 жылда жеңіп алған алғашқы алтын медалі. Бұған дейін қазақстандық боксшылар 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында чемпион атанған болатын. 2018 жылы Джакартада және 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бокстан алтын медаль иелене алмады.

Төрехан Сабырхан биылғы Азия ойындарына ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі ретінде келді. 2025 жылы ол Ливерпульде өткен World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Сол жарыста Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық медаль есебінде бірінші орынға шықты.

Соңғы жылдары Қазақстанда боксты жүйелі дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағыттағы негізгі шешімдердің бірі — ұлттық құрамалар мен спорт резервін даярлаудағы Туризм және спорт министрлігінің жаңартылған тәсілдері аясында әзірленген Боксты дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының бекітілуі. Құжат жаттығу үдерісін жетілдіруді, инфрақұрылымды дамытуды, ғылыми-әдістемелік және медициналық сүйемелдеуді күшейтуді, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруды, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.

Бұл жұмыс тек жоғары жетістіктер спортымен шектелмей, спорттық резервті даярлауды да қамтиды. Бүгінде Қазақстанда бокспен 153 мыңнан астам адам айналысады. Еліміздің барлық 20 өңірінде 2 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 39 мыңнан астам бала бокспен шұғылданады.

Сонымен қатар қазақстандық боксшылар ірі халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Ливерпульдегі World Boxing әлем чемпионатындағы табыстан бөлек, 2026 жылы ұлттық құрама Қытайда өткен Әлем кубогының кезеңінде бес алтын медаль жеңіп алды. Ал Испаниядағы Boxam Elite халықаралық турнирінде қазақстандық боксшылар 17 жүлдеге, оның ішінде алты алтын медальға ие болды.

Төрехан Сабырханның Азия ойындарында 12 жылдық үзілістен кейін жеңіп алған алтын медалі отандық бокс мектебінің тағы бір маңызды жетістігіне айналып, саладағы жүйелі өзгерістер мен ұлттық құраманы даярлау бағытындағы жұмыстың нәтижесін айшықтады.

Отандасымыздың жарыстағы жолы:

✅1/8 финал. 🇶🇦Мохаммед Дбичи (Қатар) – 5:0
✅1/4 финал. 🇮🇶Әли Касим Хамдан Әл-Сарай (Ирак) – 1-раундта нокаут
✅1/2 финал. 🇺🇿Шавкатжан Болтаев (Өзбекстан) – 5:0

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1303541?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді