ШҚО зейнеткерлері «Үбі» шипажайында тегін сауықтыру курсынан өте алады

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Емдік ванналар, массаж, таза ауадағы серуен. Шемонаиха ауданындағы «Уба» шипажайында Шығыс Қазақстан тұрғындары 12 күндік сауықтыру курсынан тегін өте алады. 

Шипажай аумағында серуендеуге арналған аймақтар мен сауықтыру үшін жаяу жүруге арналған маршруттар абаттандырылған (терренкур).

Шипажайда азаматтардың денсаулық жағдайын жақсартуға, ағзаның функционалдық мүмкіндіктерін қалпына келтіруге және аурулардың асқынуының алдын алуға бағытталған кешенді емдеу-сауықтыру шаралары ұйымдастырылған.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов шипажайға барып, емшара кабинеттерін аралап, демалушыларға жасалған жағдаймен танысты.

«Қарт адам үшін мұнда өзін жайлы сезінуі, мұқият тыңдап, көмектесіп, тағайындалған емшараларды түсіндіріп бергені маңызды. Осындай күнделікті қарым-қатынастың өзі адамдарға деген қамқорлықтан құралады. Тегін жолдама толыққанды демалып, денсаулықты нығайтуға мүмкіндік беруі керек», – деді  Нұрымбет Сақтағанов.

«Уба» шипажайында емдік және сауықтырудың 30-ға жуық түрі ұсынылады. Қызмет алушылар физиотерапиялық ем, емдік массаж, парафинмен емдеу, ингаляциялық терапия, гальваникалық ванналар, фитотерапия, айналмалы душ, парофитобөшке, балшықпен емдеу, емдік дене шынықтыру, галотерапия, шунгитотерапия және басқа да сауықтыру процедураларынан өте алады.

«Уба» шипажайында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, еңбек ардагерлері, жасына байланысты зейнеткерлер, «Батыр ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған әйелдер, сондай-ақ I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдар сауықтыру, демалу және санаторий-курорттық ем қабылдай алады. 

Шипажай бір мезетте 250 адамға дейін қабылдай алады. Выдриха ауылында орналасқан негізгі ғимарат 200 төсек-орынға, ал Усть-Таловка кентіндегі ғимарат 50 төсек-орынға есептелген. 

Шипажайда қызмет алушылардың тұруы, тамақтануы және ем алуы облыстық бюджет қаражаты есебінен толық қаржыландырылады.

«Уба» шипажайының тарихы 1973 жылдан басталады. Қайта жаңғыртудан кейін шипажай 2002 жылы қайта ашылып, он жылдан соң екінші корпусы пайдалануға берілді. Бүгінде ол шығысқазақстандықтарды қабылдауын жалғастырып келеді.

Мұнда өткізілген уақыт тұрғындарға өз денсаулығына көңіл бөліп, тынығып, күш жинауға мүмкіндік береді.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1303747?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді