
Санкт-Петербург қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Көліктегі полиция департаменті мен Ресей Федерациясы ІІМ Көліктегі бас басқармасы басшылығының жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар көлік инфрақұрылымы объетілерінде құқықтық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстандық делегацияны ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы Абзал Жұматаев басқарды. Ресей тарапынан кездесуге РФ ІІМ Көліктегі бас басқармасының бастығы Олег Калинкин қатысты.
Бұл жұмыс кездесуі өткен жылдың қазан айында Алматы қаласында Қазақстан мен Ресейдің көлік полициясы өкілдерінің арасында өткен кездесуде басталған екіжақты өзара іс-қимылдың жалғасы болды. Бұл жолғы іссапардың негізгі мақсаты – Санкт-Петербург қаласындағы көлік кешенінің стратегиялық маңызды нысандарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша практикалық тәжірибені зерделеу.
Сапар барысында Көліктегі ПД өкілдері ресейлік әріптестерінің жұмысын ұйымдастыру тәжірибесімен және озық жұмыс тәсілдерімен танысты. Сондай-ақ қазақстандық делегация «Пулково» халықаралық әуежайында болып, тексеруге арналған заманауи цифрлық жүйелермен жабдықталған, жаңғыртылған көші-қон бақылау бекетінің танысты.
Кездесу барысында екі елдің көлік полицейлері Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, жолаушылар мен жүк тасымалы саласындағы қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, көші-қон бақылауын ұйымдастыру, теміржол және әуе көлігі нысандарында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі қабылданып жатқан іс-шаралар талқыланды.
«Бүгінгі күні Қазақстан мен Ресейдің көлік полициясы арасында өзара тәжірибе алмасуға және тиімді ынтымақтастыққа негізделген сындарлы өзара іс-қимыл қалыптасқан. Ресейлік әріптестердің заманауи тәсілдерін зерделеу көлік нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жұмысты жетілдіруге және озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді», – деді Көліктегі ПД бастығы Абзал Жұматаев.
Іс-шара шеңберінде қазақстандық полицейлер Ресей ІІМ Көліктегі Санкт-Петербург желілік басқармасына барып, бөліністің жұмысын ұйымдастыру тәжірибесімен және көлік инфрақұрылымы нысандарындағы қауіпсіздікті бақылауға арналған «Сфера» жүйесінің мүмкіндіктерімен жан-жақты танысты.
Қос мемлекеттің көлік полицейлері теміржол және әуе көлігінде мүліктік қылмыстардың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларды жандандыру, сондай-ақ жедел жағдай туралы ақпаратпен тұрақты түрде алмасу маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар практикалық тәжірибе алмасуды жалғастыру және көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізді.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1304211?lang=ru

Жауап қалдыру