
Астанадағы AI & Digital Bridge 2026 алаңында «IT Aiel» және «Aqyl Tech» білім беру жобаларының нәтижелері жарияланды. Екі жоба бойынша 33 мыңнан астам адам цифрлық технологиялар мен қаржылық сауатты меңгеріп, технология саласындағы білімін жетілдірді.
Жобалар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты аясында іске асырылып келеді. Оларды Astana Hub-пен әріптестікте TechnoWomen коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырады.
Жоба цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, қаржылық сауаттылық пен кәсіпкерлік бағыттарын қамтиды. Бастама өңірлер мен ауылдық елді мекендердің тұрғындарын да қамтиды.
2025-2026 жылдары «IT Aiel» жобасы бойынша 9 600-ден астам адам білім алды. 2025 жылы 4 мыңнан астам адам оқыса, биыл 5 646 адам оқудан өтті. Биылғы қатысушылардың 1 533-і жұмысқа орналасып, сондай-ақ фриланс арқылы табыс таба бастады.
«IT Aiel» аясында қатысушылар цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларын меңгеріп, өз жобаларын әзірледі. Сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен контент пен цифрлық өнімдер жасап, бизнестегі күнделікті міндеттерді автоматтандыру тәсілдерін үйренді.
«Aqyl Tech» жобасы ең алдымен жастарға, өңір тұрғындарына, соның ішінде ауыл жастарына арналған. Қатысушылар қаржылық сауаттылық, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бойынша білім алады. Бұл дағдыларды кәсіпкерлік, инженерия, медицина, білім беру және басқа да салаларда пайдалануға болады.
Жобалар арқылы азаматтар цифрлық білімін толықтырып, еңбек пен кәсіпкерлікке қажет тәжірибелік дағдыларды игереді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1304375?lang=ru

Жауап қалдыру