ШҚО-да Рахман қайнарына апаратын жолдың жаңартылған учаскесі ашылды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің автожол желісін дамыту тапсырмасына орай Шығыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары жолының 437-450 шақырым аралығындағы учаскесі пайдалануға берілді.

 Жолдың жаңартылған бөлігінің ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Жоба 2025-2026 жылдары жүзеге асырылды. Жөндеу жұмыстарын «Строительная компания Зайсан» ЖШС атқарды. Ұзындығы 13 шақырым болатын жолға жаңа асфальт төселді. Сонымен қатар 17 су өткізу науасы мен 3 су өткізгіш құбыр салынды. Жолдың тиісті инженерлік және қауіпсіздік инфрақұрылымы да ретке келтірілді.

– Бұл жоба ең алдымен, өңір жұртшылығы үшін маңызды. Жаңартылған учаске жол бойындағы елді мекендер тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы қатынасты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл бағыт Катонқарағай ұлттық паркі мен Рахман қайнарына баратын туристер үшін де маңызды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

 

Жаңартылған жол учаскесі жол жүру уақытын қысқартуға және көлік құралдарының тозуын азайтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары бағыты өңірдің әлеуметтік-экономикалық және туристік маңызы жоғары көлік дәліздерінің бірі саналады.

Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруда көлік инфрақұрылымының сапасы ерекше маңызды. Аймақтың табиғи көрікті жерлеріне келетін туристер санының артуы жолдардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды да күшейтіп отыр.

 Облыс әкімі жолды жаңғыртумен қатар, оны алдағы уақытта тиісті деңгейде күтіп ұстаудың және сапасын ұзақ жылдар бойы сақтаудың маңызын атап өтті.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1304438?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді