
Орал қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдауға бағытталған санитарлық-экологиялық айлық аясында кезекті сенбілік өткізілді. Оған аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, депутаттар мен мемлекеттік қызметшілер қатысып, Абай даңғылы бойында 22 қайың көшетін отырғызды. Бұл күні шаһардың өзге аумақтарында да жастар және ниет білдірген тұрғындардың күшімен 170 түп тал егілді.
Орал қаласындағы дендрологиялық жоспарға сәйкес 109 мың түп ағаш есепке алынған. Олардың санитарлық жағдайы анықталып, кесу, көшіру немесе сақтап қалу бойынша сала мамандары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен тиісті шешімдер қабылданады.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған жалпыұлттық акцияның мән-маңызына тоқталды. Нариман Төреғалиев өңір тұрғындарын көгалдандыру шараларына белсене қатысуға шақырды.
– «Таза Қазақстан» – бір күндік немесе бір айлық науқан емес. Бұл – өмір бойы жалғасуға тиіс ортақ міндет. Ағаш отырғызу өз алдына, оны уақтылы күтіп-баптау маңызды. Жасыл желек ауаны тазартып, қаланы көркейтеді. Көгалдандыру ісіне әрбір тұрғын атсалысқаны абзал, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, биыл облыс елді мекендерінде 47 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінге дейін 37 мың түп көшет егілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/uralsk/press/news/details/1304890?lang=ru

Жауап қалдыру