
Қаржы министрлігі кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, мемлекеттік қаржы жүйесінің ашықтығын нығайтып келеді.
ҚР Қаржы министрлігі бизнестің жұмысын жеңілдету, бюджеттің ашықтығын арттыру және жүйелік кемшіліктердің алдын алу үшін цифрлы құралдарды енгізуді мықтап қолға алды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов айтып берді. Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі (СӘИЖ) ескірген жеті жүйені алмастырып, жаңа Салық кодексіне бейімделді. Айталық, декларацияларды алдын ала толтыру енгізілді және ҚҚС бойынша айналымды есептеу автоматтандырылды. Жыл басынан бері 7,9 млн салық есебі қабылданып, мемлекеттік органдармен және банктермен 75 интеграция жасалды. Ал Smart Data Finance 80 көзден алынған деректерді біріктірді. Камералды бақылау қорытындысы бойынша 322 млрд теңге салық жинақталды. Бұған қоса ЖИ тексерулер жүргізілмес бұрын тәуекелдерді анықтауға көмектесіп келеді. Оларды цифрлы сервистердің көмегімен анықтау кәсіпкерлерге бұзушылықтарды алдын ала жоюға мүмкіндік береді.
Тауарлардың ұлттық каталогында шамамен 33,5 млн тауар позициясы қамтылған. Оның негізінде құрылған Баға деректер базасы бюджеттік жоспарлауда қолданылып жүр. Тиісті бағалау бойынша 2024 жылғы деректер негізінде болжамды үнемдеу жылына – 200 млрд теңге.
Бұдан бөлек KEDEN жүйесі электронды кедендік декларациялауды және «бір терезе» қағидатына сәйкес құжаттарды тапсыруды қамтамасыз етсе, Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті министрліктің сервистеріне қолжетімділікті, хабарламалар мен техникалық қолдауды біріктіреді. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін цифрлы теңгені енгізу қолға алынды.
Мәселен, айналымға шамамен 339 млрд цифрлы теңге шығарылып, 20-дан астам қанатқақты жоба жолға қойылды. Digital Qazyna порталы арқылы мемлекеттік ұйымдар арасында құны 433 млрд теңгеден асатын 56 мыңнан астам нысан берілді. Бұл мемлекеттік органдардың қажеттіліктерін қолда бар мүлік есебінен қамтамасыз етуге жол ашты.
Сонымен қатар бұзушылықтардың алдын алу үшін Smart Audit Qazaqstan платформасы құрылып жатыр. Жыл соңына дейін оның іргесін қалыптастырып, тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу жоспарланған. Биыл бюджеттік жалақы төлемдерінің онлайн-мониторингін қамту 140% ұлғайды. «Бұл деректер негізінде мемлекеттік қаржыны басқарып, превентивті бақылауға, әкімшілік жүктемені азайтуға және бюджеттің әр теңгесінен түсетін кірісті арттыруға көшуді айғақтайды», деді Әсет Нұрланұлы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1308366?lang=ru

Жауап қалдыру