
Орал қаласындағы №47 мектепте адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцинация мәселелері бойынша ата-аналарға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Кездесудің мақсаты – ата-аналарға адам папилломавирусы, оның адам денсаулығына әсері, инфекцияның алдын алу және вакцинацияның маңызы туралы жан-жақты ақпарат беру. Кездесуге Алматы қаласынан арнайы шақырылған маман – PhD, қауымдастырылған профессор, дәрігер-онкогинеколог, «Алматы қаласы Онкологиялық орталығы» ШЖҚ КМК бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Райхан Олмесханқызы Болатбекова қатысты. Маман «Адам папилломавирусы және оның онкологиялық аурулардың алдын алудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасап, АПВ инфекциясының алдын алу, вакцинацияның маңызы және оның онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының профилактикасындағы рөлі туралы түсіндірді. Іс-шара барысында ата-аналар АПВ-ға қарсы вакцинацияға қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Сонымен қатар вакцинацияның тиімділігі мен қауіпсіздігі жөнінде ақпарат берілді. Адам папилломавирусына қарсы вакцинация – АПВ инфекциясының және онымен байланысты онкологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған маңызды профилактикалық шаралардың бірі. Ата-аналарды дұрыс әрі толық ақпараттандыру вакцинацияға қатысты саналы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-densaulyk/press/news/details/1308593?lang=ru

Жауап қалдыру