Атырау облыстық мәслихатының кезектен тыс XXVI сессиясы өтті

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда
Атырау облыстық мәслихатының кезектен тыс XXVI сессиясы мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Бақыт Каметовтің төрағалығымен өтті. Сессияға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, қала және аудандық мәслихаттардың төрағалары, сондай-ақ тиісті облыстық басқармалардың басшылары қатысты.
 
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық мәслихат аппаратының басшысы Ержан Барлыбайұлы Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Нұрсұлтан Бисембиевті басқа қызметке ауысуына байланысты өз өтініші негізінде лауазымынан босату туралы хабарлама жасап, ұсынысы қолдау тапты.
«Атырау облыстық жер комиссиясының құрамын және ережесін бекіту туралы» шешімге өзгеріс енгізу бойынша облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламат Атырау облыстық жер комиссиясының құрамын жаңа редакцияда бекітуге ұсынды.
 
Толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт объектілерінің тізбесін бекіту мәселесі бойынша Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов сөз алып, «Тұрғын үй қалашығы» шағын ауданындағы саябақтар мен жағалау аймағын қайта жаңғырту жобасының негізгі бағыттарына тоқталды.
Жобаның презентациялық тұжырымдамасын Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Фараб Қуанышқали толық баяндады.
 
Жобаны талқылау барысында облыстық мәслихат депутаттары оны іске асыруға жоспарланған қаражат көлеміне, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және қолданыстағы жасыл желектерді сақтауға қатысты сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді.
 
Атап айтқанда, депутаттар қолданыстағы саябақтарды жаңғырту және күтіп ұстау мүмкіндіктерін қарастыру, сондай-ақ жаңа шағын аудандарда тұрғындарға арналған демалыс орындарын көбейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жобаның экономикалық негізділігін жан-жақты зерделеп, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.
Сессия қорытындысы бойынша күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-atyrau-region/press/news/details/1308619?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді