
ІІМ профилактикалық “Қауіпсіз үй” іс-шарасын жалғастыруда. Оның мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және балаларды қорғау.
– Құрметті азаматтар! Елімізде “Қауіпсіз үй” профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Біз бұл шараны әрбір азамат өз үйінде, ауласында және көшеде өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін өткізіп жатырмыз. Алғашқы төрт күнде 46 мыңнан астам тұрғын үй нысаны және профилактикалық есепте тұрған 35 мыңнан астам адам тексерілді. Нәтижесінде тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрып жатқан төрт мыңға жуық адам анықталды, үш мың заң бұзушылықтың жолы кесілді.
Біз үшін балалардың қауіпсіздігі өте маңызды. Іс-шара барысында 800-ге жуық жасөспірімге көмек көрсетіліп, олардың 127-ін бейімдеу орталықтарына орналастырдық. Павлодар облысында полиция қызметкерлері қараусыз қалған төрт баланы анықтады. Мұндай жағдайда біздің басты мақсатымыз – жазалау емес, балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау.
Сонымен қатар 11 мыңнан астам қару иесі тексеріліп, тіркелмеген 20 атыс қаруы тәркіленді. Азаматтармен екі мыңға жуық кездесу өткізілді, 580-ге жуық өтініш түсті. Олардың әрқайсысы міндетті түрде қаралатын болады.
Егер қандай да бір заң бұзушылықтың куәсі болсаңыз немесе қараусыз қалған балаларды байқасаңыз, 102 нөміріне хабарласыңыз. Сіздің бір қоңырауыңыздың өзі келеңсіз жағдайдың алдын алып, адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет. Заң мен Тәртіп әрқайсымыздан басталады! – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1308697?lang=ru

Жауап қалдыру