
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілгеннен кейінгі бірінші кезектегі міндеті қаржылық шығындарға жол бермеу мен қаражаттың мақсатты пайдалануын қамтамасыз ету болды. Азаматтарды емдеуге жұмсалатын қаражат медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің негізділігі мен нақты көрсетілуіне сәйкес жетуі тиіс.
Жүргізілген жұмыстың 9 айдағы нәтижесі бойынша қаражаттың жылыстауына әкеп соғатын арналар анықталып, жолы кесілді, 23,4 млрд теңге көлемінде қаржылық шығынның алды алынды. Қозғалған қылмыстық істер аясында өнім берушілерге заңсыз төленген 7,9 млрд теңгеден астам қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жасанды интеллект негізіндегі антифрод жүйесін қоса алғанда, жаңа құралдарды қолдану заңбұзушылық белгілерін ақша аударылғанға дейін анықтауға және негізсіз төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Үнемделген және қайтарылған қаражат медициналық көмекті төлеуге бағытталды. Қаржы министрлігі үшін бақылау нәтижесінің клиникалардың жұмысындағы нақты өзгерістерден және емделудің қолжетімділігінен көрініс табуы маңызды.
Алғашқы өзгерістер қазірдің өзінде байқалып, медициналық ұйымдарға бағытталатын қаржы ағыны ұлғайды.
Атап айтқанда, медициналық ұйымдарды қаржыландыру лимиттері ұлғайып, ауруханаларға медициналық көмек нақты көрсетілгеннен кейін медициналық қызметтерге ақы төлеу мүмкіндігі берілді. Медициналық ұйымдарға көмек көлемін сызықтық шкаланы қолдану арқылы шектеу тәжірибесінен кезең-кезеңімен бас тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл халыққа жоспарлы медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауруханалардың кредиторлық берешегін азайтуға ықпал етеді.
Қор берешектің жалпы сомасын тіркеуден әрбір проблемалық клиника бойынша оның туындау себептерін талдауға көшті.
Жалпы, ел бойынша мерзімі өткен кредиторлық берешегі бар 68 медициналық ұйым анықталды. Олардың әрқайсысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен қаржылық сауықтырудың нақты жоспарлары әзірленді.
Осылайша, кіріс бөлігін ұлғайту және қанағаттандырылмаған қажеттілік расталған жағдайларда оның көлемін түзету есебінен 2026 жылдың соңына қарай мерзімі өткен кредиторлық берешек көлемін 17 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін төмендету болжанып отыр.
Бұл нәтижелер тұрақтанған сайын пациенттер оның нақты әсерін медициналық көмек алу кезегінің қысқаруы және қажетті емді уақтылы алу мүмкіндігінің артуы арқылы сезінуі тиіс.
Жалпы, Мемлекет басшысы қойған бірінші кезеңнің міндеттері орындалды. Қаражаттың жұмсалуына бақылау күшейтіліп, анықталған қаражаттың жылыстау арналарының жолы кесілді, босатылған қаржы мақсатты бағытқа жұмсалды. Заңбұзушылықтардың алдын алу және қаражатты қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.
Келесі кезеңде қаржыландыру тәсілдерін өзгерту көзделіп отыр. Ол үшін сақтандыру тетіктерін жүйелі түрде енгізу қажет. Атап айтқанда, емдеу мен міндеттемелердің құнын болжау мен бағалау, осы міндеттемелердің қаржылық қамтылуын жоспарлау, резерв қалыптастыру, сондай-ақ жағдайдың күрделілігі мен емдеу нәтижесін ескеретін ақы төлеу тәсілдерін қолдану қажет. Мұндай тәсіл қолда бар ресурстарды дәлірек бөлуге және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Медициналық көмекті ұйымдастыру және оған ақы төлеу пациенттің мүддесіне бағдарлануы тиіс: уақтылы диагностикадан бастап емдеу, оңалту және кейінгі бақылауға дейінгі барлық кезеңді қамту қажет. Қаржыландыру осы жолдың толық өтуін қамтамасыз етуі, ал ақы төлеу тетіктері медициналық ұйымдар арасындағы сабақтастықты, уақтылы емдеуді және асқынулардың алдын алуды қолдауы тиіс.
Қаржы министрлігінің келесі кезеңдегі міндеті – пациент қажеттілігі, сақтандыру міндеттемелері мен олардың қаржылық қамтамасыз етілуі арасындағы осы байланысты нығайту. Алдағы өзгерістердің нәтижесі қажетті медициналық көмектің қолжетімділігі мен оны қаржыландырудың тұрақтылығы бойынша бағаланатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1308719?lang=ru

Жауап қалдыру