Қазақстанның ұлттық стенді Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесінде таныстырылды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Майндығы Франкфурт, 2026 жылғы 7-11 қазан – Қазақстан  Республикасы Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығының қызметкерлері Messe Frankfurt көрме кешенінде 7–11 қазан аралығында өтіп жатқан 78-ші Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесі (Frankfurter Buchmesse 2026) аясындағы Қазақстанның ұлттық стендіне барды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстанның ұлттық стенді халықаралық кітап көрмесіне үшінші жыл қатарынан қатысуда. Қазақстандық делегация құрамына 30-дан астам өкіл кірді. Экспозицияға «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап», «Arman-PV», «Мазмұндама», Steppe & World Publishing және басқа да жетекші қазақстандық баспалардың 300-ге жуық кітабы қойылды.

Бас консулдық өкілдері Қазақстанның кітап экспозициясымен танысып, отандық авторлардың шығармаларын таныстыруға арналған іс-шараларға қатысты. Аталған іс-шаралар қазақстандық әдебиетті халықаралық деңгейде насихаттауға және еліміздің ұлттық мәдени мұрасын шетелдік оқырмандарға танытуға бағытталған.

Іс-шаралар аясында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасының The Angel of Karaul атауымен ағылшын тілінде ұсынылуына, сондай-ақ жас авторлар Арлан мен Аслан Айткалиевтердің «Гарольд пен ЛараБелль. Кітаптар патшалығы» атты кітабының таныстырылымына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Оразалы Сабденнің ұлы ойшыл Абайдың мұрасын заманауи технологиялық сын-қатерлер тұрғысынан зерделеуге арналған «Әлем, Абай, жасанды интеллект жолы» атты еңбегі таныстырылды.

Жәрмеңке аясында Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасына арналған бірқатар жаңа басылым да ұсынылды. Олардың қатарында Жанат Аймұхамбеттің «BÖRTE. Дала ұлы ханшайымы» кітабы, «Мәңгілік әрі жаңарған Түркістан» және «Димаш Құдайберген: шексіз музыка» атты басылымдар бар.

Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесі – әлемнің түкпір-түкпірінен авторларды, баспагерлерді, әдеби агенттерді және мәдениет мекемелерінің өкілдерін біріктіретін кітап индустриясындағы жетекші халықаралық алаңдардың бірі. Жәрмеңке барысында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, кәсіби кездесулер мен шетелдік баспалармен келіссөздер өткізіліп, тәжірибе алмасуға, халықаралық серіктестікті дамытуға және кітап шығару саласындағы бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік беріледі.

Бас консулдық қызметкерлерінің Қазақстанның ұлттық стендіне баруы отандық жазушылар мен баспагерлерді қолдаудың, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде ілгерілетудің, Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудың және кітап шығару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-frankfurt/press/news/details/1308744?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді