
Қарағанды облысының колледждері халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, білім беру сапасын арттыруға басымдық беріп отыр. Қазір өңірдегі 11 оқу орны халықаралық аккредиттеуден өткен. Студенттер шетелдік компанияларда тәжірибеден өтіп, оқытушылар әлемнің жетекші білім беру орталықтарында біліктілігін арттырып жүр.
– Қазіргі заман талаптарына сай мамандар даярлау үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және озық технологияларды енгізу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстардың бірі – Кәсіптік білім беруді инновациялық дамыту жөніндегі Қазақстан-Қытай альянсы. Оның құрамына еліміздің 18 колледжі, соның ішінде Қарағанды облысынан 15 оқу орны, сондай-ақ екі елдің білім беру ұйымдары мен кәсіпорындары кірді, – деді аппараттық кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Оның айтуынша, серіктестер ұшқышсыз технологиялар, жоғары технологиялық өндіріс және экологиялық жобалар салаларында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, педагогтер мен студенттерге тағылымдамадан өту мүмкіндігін ұсынуды жоспарлап отыр.
Халықаралық аккредиттеуден алғашқылардың бірі болып Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжі өтті. Биыл колледж студенттері Түркиядағы қонақүй кешендерінде өндірістік тәжірибеден өтті. Енді өндірістік оқыту шеберлеріне арналған тағылымдамаларды ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Дулат Жекебаевтың мәліметінше, облыс колледждері алыс және жақын шетелдердің 10 еліндегі серіктестерімен 72 келісім мен меморандум жасасқан. Олардың қатарында Германия, Түркия, Қытай және Жапония бар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1309155?lang=ru

Жауап қалдыру