
Астана қаласының мектептерінде, колледждерінде және ЖОО-ларында жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған Esirtkisiz Elorda: deni sau urpaq жобасы аясында сарапшылармен кездесулер өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шаралардың мақсаты – жастардың тәуелділіктің себептері мен салдары туралы хабардарлығын арттыру, заманауи синтетикалық есірткілерді қолданумен байланысты қауіптер туралы ескерту.
Жастармен кездесулерде нашақорлықтың пайда болу себептері мен тетіктері, есірткі қылмысының құқықтық және әлеуметтік салдары, қазіргі заманғы синтетикалық есірткінің қауіптілігі, сондай-ақ медиада есірткі заттарын қолдануды романтизациялау талқыланады.
Қатысушылармен психолог-аддиктолог Инна Мальцева диалог жүргізеді, ол тәуелділік және алдын алу әдістерімен жұмыс істеу тәжірибесі туралы ой бөліседі. Химиялық және ойынға тәуелділік жөніндегі маман Данат Байсмаков тәуелділікті қалыптастыру механизмдері туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Астана қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы есірткі қылмысына қарсы күрестің аспектілерін және олардың жастар үшін салдарын ашып айтады.
Оқушылар мен студенттер нашақорларды оңалту процесі, алдын алу әдістері және есірткі қылмысына қарсы күресте құқық қорғау органдарының жұмысы туралы сұрақтар қоя отырып, талқылауға белсенді қатысады.
Жоба аясында барлығы 10 000-нан астам адамды қамтитын 80-нен астам түрлі кездесу өткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/894606

Жауап қалдыру