
Су ресурстары және ирригация вице-министрлері Болат Бекнияз бен Ерболат Ибрайханов су саласының нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру, жаңа су қоймаларын салу, инвестиция тарту, сала мамандарының біліктілігін арттыру және Арал мен Балқашты сақтау бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы айтып, 2024 жылға қорытынды жасады.
2024 жылдың басты құжаты – жаңа Су кодексінің жобасы әзірленді. Бұл құжатта халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне сай экожүйені қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтымды басқару есебінен экономиканы тұрақты дамытуға жол ашатын заңдық тетіктер барынша қамтылды. Мәселен, жаңа Су кодексінде алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануы қатерлерінен қорғауды қамтиды. Кодекстің әр бабы су ресурстарын үнемдеуге бағытталып отыр.
«Біздің министрлік бір жылда еліміздің су саясатын толық қалпына келтірді десе болады. Жаңа су саясатын іске асыру үшін негізгі үш ресурс керек. Ең алдымен әкімшілік ресурс – ол біздің жаңадан құрылған министрлік. Екіншісі заң. Ол біздің министрлік әзірлеген жаңа Су кодексінің жобасы. Үшінші ресурс – қаражат. Бұл бағыт бойынша да биыл министрлік еліміздің су саласына инвестиция тарту жөнінде маңызды келісімдерге қол жеткізді»,- деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.
Президенттің тапсырмасы бойынша министрлік 2028 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын салу және қалпына келтірудің Кешенді жоспарын әзірледі. Жоспарда 42 жаңа су қоймасын салу, 37 су қоймасы мен 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналды қайта жаңарту қарастырылған.
«Жаңадан салынатын су қоймалары бірнеше функцияны атқаратын болады. Ең алдымен, ауыл шаруашылығында пайдалану үшін су жинайды. Екіншіден, су тасқынынан қорғайды. Үшіншіден, туризм, балық шаруашылығы және тағы да басқа шағын және орта кәсіпті дамытуға мүмкіндік береді»,- деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Мәселен, Жамбыл облысында жаңадан 3 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Бұл суару кезеңінде көрші мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділікті 25 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда министрлік Ислам Даму Банкі және қытайлық инвесторлармен су шаруашылығы нысандарын салу бойынша белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр.
Биыл Қазақстан мен Франция One Water Summit аясында Балқаш көлін сақтау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Үшжақты келісім Балқаш көлі бассейніндегі суды тұрақты басқаруға және зерттеуге бағытталған. Құжат судың жай-күйін өлшеу мен талдау, климаттық және антропогендік әсерлерді модельдеу, сондай-ақ 2040 жылға дейін су балансын болжауды қарастырады.
Айта кету керек, жыл басынан Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр және Каспий теңізіне 17 млрд текше метр су жіберілді. Ал, Аралға биыл 2,5 млрд текше метр су барды. Солтүстік Аралдан бөлек, теңіз маңайындағы шағын көлдерге де су жіберілді.
Министрлік келесі жылы әлемде теңдесі жоқ Қаныш Сәтпаев атындағы каналды реконструкциялауды бастайды. Бүгінде кешені жаңғырту жұмыстарының Жол картасы әзірленді. Алдағы 4 жылда каналдың насос қондырғылары мен электр жабдықтары жаңартылады.
Бұдан бөлек ведомство қараусыз қалған су қоймаларын мемлекетке қайтару және жеке меншіктегі қоймаларды көп факторлы тексерістен өткізу және олардың иелерінің жауапкершілігін арттыру бойынша да жұмыс жүргізіп жатыр.
Биыл су саласы мамандарының айлығы орта есеппен 25 пайызға көтерілді. Министрлік келесі жылы да бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға ниетті.
Келесі жылы су саласының мамандары «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ пен Австралияда білім алады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасы бойынша биыл «Болашақ» бағдарламасына «Гидрогеология», «Су ресурстары» секілді оқу бағдарламалары қосылды. Осының нәтижесінде, қазақстандықтар аталған мамандықтар бойынша шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Биыл Нидерланды сарапшылары Астана және Ақтөбе қалаларында су тасқыны қаупін басқару бойынша 3 мәрте оқу семинарын өткізді. Осының нәтижесінде су тасқынына қарсы іс-қимыл мәселелерімен айналысатын 50-ден астам қазақстандық маман біліктілік арттырды.
Келесі жылы «Қазсушар» мекемесінің 105 маманы ҚХР-да біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қытайлық Power China компаниясының Қазақстандағы өкілдерімен кездесу барысында тиісті келісімге қол жеткізді.
Толығырақ:https://www.youtube.com/watch?v=q2XrAAcVdvI
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/912531

Жауап қалдыру