
Ақмола облысында кәсіби білім беру жүйесін дамыту қарқынды жүргізілуде, басты назар – білікті жұмысшы кадрларды даярлауға бағытталған. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңір колледждері еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа буын мамандарын даярлауда маңызды рөл атқарады.
Облыста 29 колледж жұмыс істейді, олардың 22-сі – мемлекеттік, 7-еуі – жекеменшік. Бұл оқу орындарында 97 мамандық және 165 біліктілік бойынша кадрлар даярланады. Оның ішінде 11 агротехникалық, 8 техникалық, 4 көпбейінді, 3 педагогикалық колледж бар, сондай-ақ медицина, өнер және спорт салалары бойынша мамандандырылған колледждер қызмет атқарады. Колледждердің 11-і облыс орталығында, 11-і аудан орталықтарында, ал 7-еуі ауылдық жерлерде орналасқан.
Қазіргі таңда колледждерде 19 253 студент білім алуда, олардың 16 007-сі (83%) тегін оқумен қамтылған. Жұмысшы біліктіліктері бойынша 5 977 студент оқиды. Орта буын мамандары мен қолданбалы бакалавриат бағдарламаларына 13 814 студент қабылданған, олар да жұмысшы біліктіліктерін меңгеруде. Соңғы жылдары түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 97%-ды құрап, мамандардың сапалы даярланып жатқанын көрсетеді.
Дуальды оқыту жүйесіне де ерекше мән берілуде. 2024 жылы облыстағы 26 колледж осы әдісті енгізіп, 5 622 студенттің кәсіпорындарда тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасады. Бұл олардың жұмысқа орналасу процесін жеңілдетуге ықпал етеді.
Студенттердің оқу жағдайын жақсарту мақсатында жатақханалар мәселесі белсенді шешілуде. 2024 жылы Жоғары техникалық колледж студенттеріне арналған 600 орындық екі жаңа жатақхана салынды. Сонымен қатар, басқа да колледждер үшін жатақхана құрылысы жалғасуда. 2025 жылы жаңа нысандарды іске қосу жоспарланып отыр.
«Жас Маман» жобасына облыстың 11 колледжі қатысып, нәтижесінде 31 құзырет орталығы құрылды. Бұдан бөлек, колледждер базасында 9 шағын кәсіпорын мен 11 оқу шаруашылығы жұмыс істейді. Колледждер өндірген өнімнен түскен табыс оқу орындарының дамуына жұмсалады.
Ақмола облысында кадрларға деген қажеттіліктің өңірлік картасы – Жаңа мамандықтар мен құзыреттер Атласы әзірленді. Бұл құжатта қайта қалыптасып жатқан, жаңа пайда болған және жойылып бара жатқан мамандықтар қамтылған. Негізгі бағыттар – өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, қызмет көрсету саласы. Бұл өңірдегі білім беру үдерісін жоспарлауға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға негіз болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/954362

Жауап қалдыру