
БЕЙІМДЕЛГЕН АТ СПОРТЫ ЖӘНЕ ИППОТЕРАПИЯ: AMANZHOLOV UNIVERSITY ОҢАЛТУ КУРСТАРЫН ҚАЛАЙ ОҚЫТАДЫ
Amanzholov University-ден 500-ден астам адам бейімделген ат спорты және иппотерапия әдісі бойынша оңалту курсынан өтті. Бұл – тірек-қимыл аппараты бұзылған, церебралды сал ауруы, аутистік спектрдің бұзылыстары және неврологиялық аурулары бар адамдарды емдеудің заманауи тәсілі. Әдіс атқа мінгізу арқылы оңалтуға негізделген.
Университет бұл курстарды 2014 жылдан бастап «АқТай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қорымен бірлесіп өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бес жүзден астам адам осы оңалту әдісін үйренді. Курсты тәжірибелі нұсқаушы Екатерина Руденко жүргізеді.
– Менің 13 жылдық тәжірибем бар, сондықтан бұл әдістің нәтижелілігін тек ғылыми зерттеулерден ғана емес, өз тәжірибемнен де жақсы білемін. Аттың қозғалысы, әсіресе баяу жүрісі кезінде емделушінің денесі табиғи адам жүрісіне тән толқынды тербелістер жасайды. Бұл адамның көптеген бұлшық еттерін белсенді қозғалысқа келтіріп, икемділікті және жалпы физикалық жағдайды жақсартады, – деді Екатерина Руденко.
Бірнеше күн бұрын ғана кезекті оқыту курсы аяқталды. Бұл жолы бірегей әдістеме бойынша ШҚО, БҚО, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл және Алматы облыстарынан 12 адам оқып шықты. Олардың барлығы ерекше балалар мен олардың ата-аналарына қол ұшын беретін иппотерапия бойынша нұсқаушы болуды жоспарлап отыр.
– Оқу барысында біздің қатысушылар барынша пайдалы және өзекті ақпарат алады. Теориялық бөлім бүкіл жұмысты ұйымдастыру кезеңіне және аттың адам ағзасына әсер ету механизмдерін зерттеуге бағытталған. Практикалық бөлімде атқа дұрыс отыру және пациентті бақылау дағдылары кіреді. Педагогикалық немесе медициналық білімі бар мамандар курсты жеңіл меңгеріп кетеді. Бірақ біздің тарапымыздан диплом бойынша нақты талап жоқ, – деді Кәсіптік даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығының маркетинг-менеджері Камшат Хамзина.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/944724

Жауап қалдыру