
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Шалқар ауданына жұмыс сапары Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы, Байқазақ батыр Жолдасбайұлын еске алуға арналған дзюдо күресінен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы ашық облыстық турнирмен тұспа-тұс келді.
Жарысқа Ақтөбе қаласындағы спорт мектептері мен кәсіби клубтар, Қызылорда облысының құрама командасы, Атырау қаласы мен Ақтөбе облысының Байғанин, Мұғалжар, Қандыағаш, Шұбарқұдық командаларынан барлығы 250-ге жуық палуан татами төрінде өзара мықтыны анықтады.
Ашық облыстық турнир құқықбұзушылық, буллинг, суицидке қарсы күрес, нашақорлық пен есірткі және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу әрі батыр Байқазақ Жолдасбайұлын еске алу мақсатында ұйымдастырылған.
Өңір басшысы дүбірлі доданың ең үздік спортшыларын спорттық белбеумен марапаттап, сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.
Өз сөзінде ол Шалқардың спорт тарихына тоқталды. Спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан шараларды атап өтті.
Бүгінде аудан орталығында бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені және В.Цеханович атындағы спорт мектебіне арналған жаңа ғимарат салынып жатыр. Сондай-ақ, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Бозой, Шілікті ауылдарында спорт кешендерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күні аудан тұрғындарының 50,8%-ы жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Аймақта балалар мен жасөспірімдерге арналған 2 спорт мектебі, аула клубы, «Ақтөбе» футбол клубының филиалы жұмыс істейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/943874

Жауап қалдыру