
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандық ханымдарды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, оларға мықты денсаулық, бақыт пен амандық тіледі.
«Құрметті әйелдер қауымы! Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін нәзік жанды аруларымыз – отбасының ұйытқысы, береке мен тыныштықтың шырақшысы.
Әлеуметтік қорғау саласында еңбек ететін әйелдер өз ісіне адалдық танытып, көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауда маңызды рөл атқарады. Олардың жанашырлығы мен кәсіби біліктілігі атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және өзге де қолдауды қажет ететін азаматтарға өз құқықтарын іске асыруда жәрдемдесуге мүмкіндік береді.
Көктемнің шуақты мерекесі сіздерге шабыт сыйлап, көтеріңкі көңіл күй мен арман-мақсаттарыңыздың орындалуын әкелсін. Қай салада еңбек етсеңіздер де, жұмыстарыңыздан зор қуаныш пен қанағат табуларыңызға тілектеспін. Өмірлеріңіз жарқын сәттерге, жаңа мүмкіндіктер мен игі таныстықтарға толы болсын. Жақын жандарыңыз сіздерді әрдайым құрмет пен қамқорлыққа бөлеп, өмірлеріңіз мән-мағынаға толы болсын. Түсіністік пен татулық, тыныштық пен қуаныш әрдайым сіздерге серік болсын!
Барша аруларымызға, аяулы аналарымызға, ардақты қыз-келіншектеріміз бен сүйікті әпке-сіңілілерімізге зор денсаулық, мол бақыт, жастық пен сұлулық, отбасыларыңызға татулық пен амандық тілеймін!» – делінген Светлана Жақыпованың құттықтауында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/952961
Жауап қалдыру