Су тасқыны мен су басудың алдын алу бойынша халықаралық дөңгелек үстел

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2025 жылғы 26 ақпанда Алматы қаласында Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар қаупін азайту орталығының базасында «Су тасқыны мен су басудың алдын алу: салдарын болжау және азайту шаралары» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел су тасқыны мен су басудың салдарын болжауға, алдын алуға және жоюға байланысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған алаңға айналды.
Іс-шараға 100-ге жуық маман, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдері, ғылыми институттардың, халықаралық ұйымдардың жетекші ғалымдары мен сарапшылары, АҚШ, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның шетелдік мамандары қатысты.
Дөңгелек үстел шеңберінде көптеген мәселелерді қамтитын 21 баяндама ұсынылды, оның ішінде су тасқыны мен су басу проблематикасының қазіргі жағдайы, әлемдегі катаклизмдердің жаңа тенденциялары және олардың Қазақстанға әсері және су тасқыны мен су басудың алдын алу және жою үшін заманауи технологияларды, бағдарламалық жүйелерді және ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану секілді сұрақтар талқыға салынды.
Талқылаудың негізгі тақырыптары Орталық Азия өңіріндегі су тасқыны мен су басудың ағымдағы тәуекелдерін талдау, болжау мен ерте ескертудің заманауи технологиялары, дүлей зілзалалардың тәуекелдерін төмендетуге арналған инфрақұрылымдық жобалар, табиғи апаттарға төзімділікті нығайтудағы халықаралық ынтымақтастықтың рөлі болды.
«Бүгінгі дөңгелек үстел тәжірибе алмасудың, апаттарға жауап беру қабілетін айтарлықтай арттыратын заманауи технологиялар мен әдістерді талқылаудың маңызды платформасына айналды. Біз мониторинг жүйесін күшейтуге, инновациялық шешімдерді енгізуге және тәуекелдерді тиімді азайту және халықты қорғау үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ұмтыламыз. Біздің өңірлеріміздің табиғи апаттардан қауіпсіздігі мен орнықтылығын тек бірлескен күш – жігермен ғана қамтамасыз етуге болады», – деп ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әсет Жылқайдаров атап өтті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар су тасқынының мониторингі мен болжау жүйесін күшейту, халықты ерте ескерту үшін заманауи технологияларды енгізу, қорғаныс бөгендері мен су қоймалары сияқты инфрақұрылымдық жобаларды дамыту, табиғи апаттар қаупін азайту саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайту секілді бірқатар ұсыныстар әзірледі.
_____________________

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/946515


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді