
Гүлдер, ақжарма тілектер, құттықтаулар мен лайықты марапаттар – 8 наурыз мерекесі қарсаңында Өнер орталығы ғимаратында аймақ пен елдің дамуына қосқан үлестері үшін ақтөбелік қыз-келіншектер марапатталды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров салтанатты іс-шараға қатысып, мереке иелерін құттықтап, оларға еңбегі мен адалдығы үшін ризашылығын білдірді.
Бұл күн – мереке ғана емес, күнделікті қоғамның игілігіне жұмыс істейтін жандардың еңбегін мойындап, оларға болашаққа деген сарқылмас шабыт сыйлайтын маңызды сәт. Сұлулық пен жылулық үйлесімділік тапқан құрметке толы жағдайда салтанатты рәсім өтті.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде ел өмірінде әйелдердің ерекше рөл атқаратынына тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың басымдықтары ретінде әйелдер үшін жан-жақты жағдай жасау, олардың құқықтарын қорғау және отбасы институтын нығайтуға айырықша көңіл бөлінгенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау туралы Жарлығы да атап өтілді. Аймақ экономикасының алуан бағытында жұмыс істейтін әйелдер елдің өркендеуіне, қоғамның дамуына өзіндік үлес қосып келеді.
«Әйел-Ана – тіршіліктің күре тамыры, тазалықтың қайнары. Өмірдің барлық саласында жанқиярлық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Сіздер біздің тарихымыздың үздік дәстүрлерін жалғастырып, жаңғыртып келесіздер. «Әділетті Қазақстанды» құруда нәзік жандылар көш бастайтындығына сенімдіміз. Сіздерге денсаулық, бақыт және барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!», – деп өңір басшысы салтанатты кешке жиналған аруларға ізгі тілегін білдірді.
Марапаттау рәсімінде Асхат Шахаров өндіріс саласында еңбек сіңірген бес қызметкерге мемлекеттік награда табыс етті. ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне «Qala Trans» ЖШС автобус жүргізушісі Мұңсыз Тілегенова, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ цехының операторы Альфия Халиулина, «Қазхром ТҰК» АҚ басқару пультінің операторы Бибігүл Райымбекова, «Aqtobe su-energy group» АҚ операторы Гүлнар Айманова және «Ақтөбе хром зауыты» АҚ цехының маркер шебері Ұлмекен Нұрышева ие болды. Марапат иелерінің қай-қайсысы болмасын, тәжірибелі, білікті өз ісінің адал шеберлері.
Сонымен қатар, облыс әкімінің алғыс хатын тағы 72 қыз-келіншек алды. Олардың арасында денсаулық сақтау, спорт, құқыққорғау органдары мен өндіріс және БАҚ салаларында жұмыс істейтін жандар бар. Олардың жанқиярлық еңбегі, кәсібилігі мен аймақ дамуына қосқан үлесітері сөз етілді.
«Маған жұмысым өте ұнайды. 42 жылдан астам уақыт бойы мен қоғамдық көлікті тізгіндеп келемін. Алдымен троллейбусты, содан кейін автобусқа ауыстым. Өз кәсібіме қанағаттанамын. Бүгін міне марапатталып жатырмын. Өте қуаныштымын және барлық әйелдерге шын жүректен денсаулық, бақыт және барлық бастамаларына сәттілік тілеймін. Өмірлеріңіз қуаныш пен шаттықа толы болсын», – деді марапат иесі Мұңсыз Тілегенова.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/953216
Жауап қалдыру