Алматы мәслихаты депутаттары 2025 жылдың нақтыланған бюджет жобасын қолдады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Алматы қаласында Мәслихаттың кезекті XXVIII сессиясы өтті. Сессия жұмысына мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Сессия аясында Алматының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген 2025 жылдың алғашқы нақтыланған бюджет жобасы таныстырылды. Қала әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің айтуынша, нақтыланған бюджет әлеуметтік бағыттылығын сақтай отырып, әлеуметтік сала шығындары 51,5 млрд теңгеге ұлғайған. Осылайша, жалпы сомасы 945,8 млрд теңгеге жетіп, қалалық бюджеттің 38,6%-ын құрап отыр.

Алматы қаласы Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков бюджеттің негізгі параметрлерін таныстырып, бюджетті нақтыландыру 2024 жылдың бос қалдықтары және үнемделген қаражат есебінен жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасына сәйкес, бұл бюджет жобасы жалақыны көтеру шараларын қарастырады. 2015 жылдан бері алғаш рет медицина-әлеуметтік мекемелердің (медицина қызметкерлерінен басқа) 1 632 қызметкеріне 30%-дық үстеме ақы белгіленді. Сонымен қатар, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру салаларындағы әкімшілік және қосалқы қызметкерлердің, сондай-ақ әлеуметтік мекемелердің ведомстволық бағынышты қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға өседі. Бұл бухгалтерлерді, кітапханашыларды, психологтарды, логопедтерді, әлеуметтік қызметкерлер мен техникалық персоналды қамтитын 20 314 маманға әсер етеді. Білім беру саласын дамыту шеңберінде қаражаттың бір бөлігі инфрақұрылымды жақсарту мен қолжетімділікті арттыруға бағытталады. Түрксіб ауданындағы Жас Қанат шағын ауданында Даму және шығармашылық орталығының құрылысы басталып, Оқушылар сарайының жанындағы «Жас натуралист» станциясы күрделі жөндеуден өтеді.

Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға да қосымша қаражат бөлінеді. Бостандық ауданында тәулігіне 500 адам қабылдайтын жаңа емхананың құрылысы басталады. Сонымен қатар, Қалқамандағы №7 қалалық клиникалық аурухана мен Түрксіб ауданындағы №4 қалалық клиникалық ауруханасы қайта жаңғыртылады. Алатау ауданындағы (Саялы шағын ауданы) және Түрксіб ауданындағы (Айбасов көшесі) екі отбасылық амбулаторияның құрылысы аяқталады.

Қалалық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындар үшін жайлы орта құру мақсатында бірқатар жобаларға қаржы бөлінеді. Оның ішінде «Алматы жастары» бағдарламасын жүзеге асыруға қаражат қарастырылып, жас мамандарға 1050 жеңілдетілген ипотекалық несие беріледі. Қалқаман-2 шағын ауданында 7 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жалғасады. Коммуналдық секторда 30 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген 14 қазандықты жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Қосымша қаражат көлік жүйесін дамытуға, экологиялық бағдарламаларды жүзеге асыруға және қаланы абаттандыру жобаларына бөлінеді. Олардың қатарында Сайран аймағын реконструкциялау және «Атакент» саябағын жаңғырту жобалары бар.

Сессия қорытындысында депутаттар ұсынылған өзгерістер әлеуметтік мәселелерді шешуге және қала тұрғындары үшін сапалы инфрақұрылымды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Осылайша, Алматы қаласының нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 2,447 трлн теңгені құрайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-almaty/press/news/details/961838?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді